• 3 декабря, 2024 5:25 пп

АППАРАТ МӘЖІЛІСІНДЕ ҚАЛАНЫ ДАМЫТУДАҒЫ КЕШЕНДІ ЖОСПАРЛАР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Автор:admin

Янв 23, 2024

 

🔷 Бүгін қала әкімінің аппараттық отырысында бірқатар маңызды мәселе қаралды. Жиында қаланы дамыту жоспарындағы нысаналы индикаторлардың орындалуы мен Әл-Фараби ауданының биылғы даму бағыты және қоғамдық көлік қызметін жақсартуда атқарылатын жұмыстар пысықталды.

🔷 Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Е. Есқараев қаланы дамыту жоспарларының нысаналы индикаторларына қол жеткізу мәселелерін баяндады. Шымкенттің 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары 3 бағыт, 17 мақсат және 103 индикаторды қамтиды. Былтыр алдын ала қорытындысы бойынша 75 индикаторға қол жеткізілді, қалғандарының есебі наурыз-тамыз айларында сараланады.

🔷 Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Р. Ибрагимов қоғамдық көліктерді дамытудың 2024 жылға арналған жоспарымен бөлісті. Бүгінде 77 тұрақты маршрутта күнделікті 915 автобус жолаушыларды тасымалдауда. Өткен жылдың қорытындысымен 97 945 922 жолаушы тасымалданған, 2022 жылмен салыстырғанда өсім 32%-ға артқан. Қазіргі сұраныс ескеріліп, жыл соңына дейін 26 автобус жаңаратылады.

🔷 Бүгінгі танда мегаполистің Бас жоспарына енгізілген өзгерістерге байланысты маршруттық желіні өзектендіру қажеттігі туындауда. Тұрғындардың өтініштері бойынша қазір 77 маршруттың 32-сінің қозғалыс сызбаларына өзгерістер енгізілген.

🔷 Аппараттық мәжілісте Әл-Фараби ауданының әкімі Р. Мыңбаев ауданның биылғы кешенді жоспарымен таныстырды. Орталық аудан болғандықтан, елдімекендер бүгінде ауыз су, табиғи газ және электр жарығымен толық қамтылған. Аудан аумағындағы 926 көпқабатты тұрғын үй 623 аулаға біріктірілген. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында тұрғындардың ұсыныстары бойынша 2024 жылы 70 тұрғын үйдің аулалары абаттандырылады. Сондай-ақ жергілікті халық үшін қолайлы орта қалыптастыру мақсатында жыл соңына дейін 3 гүлзар салу жоспарлануда. Ауданда ұзындығы 260 шақырымды құрайтын 390 көше, даңғыл және өткелдер бар. Жолдардың 316 көшесі асфальт, 74 көше тас жолды құрайды. Жыл соңына дейін 47 көшеге асфальт салу көзделіп отыр. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қаланың көркін аша түсіп, жаңаша келбет қалыптастыру мақсатында Тұрғын үй басқармасы тарапынан 31 көпқабатты үйдің қасбеттеріне әрлеу жұмыстары жүргізіледі.

🔷 Мәжілісті қорытындылаған қала әкімі барлық сала басшысы мен аудан әкімдеріне «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын назарға алып, қала тұрғындарымен тығыз жұмыс жүргізуді ескертті. Халыққа қолайлы жағдай жасау үшін мегаполистің тазалығын сақтауда нақты тапсырмалар жүктеді.

 

Автор: admin