• 21 ноября, 2024 8:53 пп

БЫЛТЫР ШЫМКЕНТТЕ 253 АДАМҒА АҒЗАСЫН АУЫСТЫРУ ОТАСЫ ЖАСАЛДЫ

Автор:admin

Фев 22, 2024

 

Былтыр Шымкентте 253 адамға ағзасын ауыстыру отасы сәтті жасалды. Қалалық №1 клиникалық аурухананың білікті дәрігерлер құрамы науқастарға үміт пен сенім ұялатқан жоғары технологиялы медициналық көмектің барлығын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін көрсеткен. Донорлық трансплантология әдісімен 35 адамның бауыры және 218 азаматтың бүйрегі алмастырылды.

Трансплантология бөлімінің меңгерушісі, дәрігер-хирург Сәбитхан Байтеміровтың айтуынша, ота жасау залы арнайы медициналық құрал- жабдықтармен толық қамтылған. Күрделі ота барысында 3 дәрігерлер бригадасы жұмылдырылады. Ота жасау уақыты шамамен 12 сағатқа дейін жалғасады. Донорлар негізінен рецепиенттердің туыстары. МӘМС қаражаты есебінен қаржыландырылып жатқан бүйрек алмастыру бойынша күрделі ота құны 6 млн. теңге, бауыр ағзасын транспланттау 9 млн. 800 мың теңгені құрайды.

Шымкентте МӘМС жүйесі енгізілгелі медициналық қызмет көрсету әлеуеті жақсарып, жоғары технологиялық медициналық көмекке қолжетімділік артқан. Ми қан тамырларының күрделі бұзылыстарында, жүрек ауруларын емдеуде де күрделі ота түрлерін жасау қарқын алған. Қазіргі таңда қалада ЖТМК түрлерін ұсынатын 10 медициналық мекеме қызмет көрсетуде. Донорлық транспланттау қалада тек №1 клиникалық аурухана базасында жасалады.

Автор: admin