Жуырда өткен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІ съезінде Мемлекет басшысы, Жаңа Төраға Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі бірқатар саяси-әлеуметтік мәселелерге тоқталып, партияға түбегейлі өзгеріс жасауға басымдық беретін бірнеше жайтты атап өтті. Оның ішінде жастардың мәселесін ерекше көңіл бөліп, нақты тапсырмаларды жүктеген болатын. Осыған орай, бүгін «Jas Otan» ЖҚ Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен Түркістан облыстық Жас депутаттар корпусының алғашқы отырысы өтті.
Жиынды «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев төрағалық етіп жүргізді. Өңірдің жас депутаттары, жасотандық белсенділер, мемлекеттік органдар мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысқан отырыста жастар арасындағы өзекті мәселелер мен ұсыныстар талқыланды.
Барлық мәслихат депутаттарының 20%-ы жастар болуы керек деген талап қойған «Nur Otan» партиясының тұңғыш праймеризінде жас буын өте белсенді болды. Түркістан облысы бойынша 1144 үміткер тіркелсе, оның 271-і 35 жасқа дейінгі жастар болды. Яғни, барлық қатысушылардың 26,8% жастар құрады. Бүгінде облысымыздағы барлық мәслихатта 35 жасқа дейінгі 44 депутат бар. Сонымен қатар, Түркістан облысында 2021 жылы 68 ауылдық округ әкімінің сайлауы өтті. Оған жалпы саны 190 кандидат катысты, оның ішінде 35 жасқа дейінгі жастар — 43 (22,6%). 68 ауылдық округ бойынша әкім болып сайланғандардың 8-і (11,8%) 35 жасқа дейінгі жастар болып табылады.
Облыста жастар саясатының іске асырылуы жөнінде Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Нұркен Аралбековтің баяндама жасады.
«Облыстағы жастардың саны 473 110 құрайды. Оның 82%-ы ауыл жастары болса, 18%-ы қала жастары. Өңірімізде ғана емес жалпы қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі жұмыссыздық мәселесіне тоқталсам. Түркістан облысында жұмыссыздар саны 10 694, NEET санатындағы жастар 35 074 құрайды. 2021 жылы жұмыссыздар үлесін азайту мақсатында облыс көлемінде мобильді топ құрылып, 17 аудан, қаладағы жастар көп шоғырланған нүктелерге барып мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде бос жұмыс орындарына жұмыспен қамту бағдарламалары арқылы 30 290 жас жолданды. Биылғы жылы да бұл жұмыстар жалғасады» — деді Н.Аралбеков.
Мәселеге тоқталған Б.Тәжібаев мемлекеттік бағдарламаларды жастар арасында насихаттаудың маңыздылығына тоқталып, жас депутаттарға проблемаларды ашық ортаға салуға шақырды.
«Көп азаматтар «Серпін» бағдарламасының мүмкіншілігін түсіне бермейді. Жас депуттаттар өз аймақтарындағы ауыл-аймақ, елді мекендерді аралағанда осы мәселені назарда ұстағаны жөн. Сіздер мектеп бітіруші түлектерді құлақтандырып, ақпараттық-насихат жұмыстарына белсене атсалысуларыңыз керек. Өйткені бөлінген гранттар игерілмей қалуда. «Еңбек» бағдарламасының да тиімді тұстары көп. Бұл бағытта халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізудің арқасында оң нәтижелерін көрсетіп келеді. Өзінің қабілетін, жұмысын көрсете алатын жастар халыққа да, мемлекетке де керек. Барлықтарыңызда халықтың атынан оның ішінде жастардың атынан мәселе көтеруге және шешілуіне тікелей атсалысуға заң жүзінде мүмкіндік бар. Сондықтан да сіздер аймақтағы белсенді жастар» — деді Бейсен Дәулетұлы.
Отырыс барысында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Жастарды қолдау бойынша Қоғамдық кеңестің жаңа төрағасы Егембердиева Динара таныстырылып, кеңестің алдағы 1 жылдық жұмысы туралы баяндады. Сонымен қатар «Jas Otan» ЖҚ Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман жастарды қолдауға бағытталған 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасын тиімді іске асыру бойынша мәліметпен бөлісті.
Сонымен қатар «ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы» республикалық МҚК-ның Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Айнұр Идрисова қатысушыларға қоғаммен байланыс жасауда өз кеңестерімен бөлісті.
Жиынды барысында көпшіліктің қолдауымен Жас депутаттар корпусының жетекшісі болып Талғат Қаржауов сайланды. Отырысты қорытындылаған Б.Тәжібаев талқыланған мәселелер мен ұсыныстарды бірлесе отырып жүзеге асыруға шақырды.
Jsk ақпарат