Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпаратынша, қазіргі таңда 110 мың адам ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген. ҰБТ-ға тіркелу 10 наурызға дейін Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz. сайтында немесе UTO қосымшасы арқылы жүргізіледі.
«Наурыздағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, Қазақстан азаматы емес ұлты қазақ тұлғалар, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады. Қатысушылар тестілеу өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды», — деп атап өтті ведомстводағылар.
ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгерген жоқ, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. Алайда «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарды. Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұрады. Бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылды.
Осылайша, ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы – 120 сұрақ. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалып отыр.
Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Айта кетері, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут уақыт беріледі.
Министрлік 10 ақпанда қаңтар ҰБТ-сы аяқталғанын, оған 134 мыңға жуық адам қатысқанын еске салды. Оның ішінде талапкерлердің 76,4%-і – қазақ тілінде, 23,5%-і – орыс тілінде, 83 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті. Талапкерлердің 77,5%-ке жуығы шекті балл жинаған. Орташа балл 69 балды құрады. Ең жоғары балл – 137. Жалпы, 72 талапкер 130-дан жоғары балл жинаған.