• 23 ноября, 2024 11:59 дп

Жаңа директордың келуіне ҚАРСЫ!!!

Автор:admin

Мар 15, 2022

Түркістан облысының орталығында орналасқан, киелі шаһарымыздың жауһары саналатын, күллі түркі әлемінің рухани астанасында орын тепкен “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері жаңа директордың тағайындалуына қарсылық білдіріп өз фейсбук әлеуметтік желісі арқылы ақпарат таратты деп жазады Jsk.Kz ақпарат агенттігі. Әлеуметтік желідегі мәтінге көз жүгіртсек:

https://www.facebook.com/1015346828621965/posts/2174132066076763/?d=n

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа!

Бүгін «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына жаңа директор тағайындалуына байланысты қарсылық шағымды жолдаймыз.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына жаңадан тағайындалған директор Мәулен Садықбеков бұған дейін 2009-2015 жылдар аралығында осы музейді басқарып, ұжымның және Түркістанға келген туристер мен зияратшылардың теріс көзқарасына іліккен шулы адам екенін хабарлаймыз. Мәулен Садықбеков бұған дейін музейде теріс ағымның уағызын жүргізіп, музей қызметкерлерін қудалап, заңмен тыйым салынған зікір рәсімін жасауға мәжбүрлеп, зияратшыларға да осы істі міндеттегені белгілі. Қорық-музейде 25-30 жыл жұмыс істеген қызметкерлерді өзінің діни көзқарасына сай келмегені үшін жұмыстан қудалап, ұжым ішінде алауыздық туғызған. Бұл туралы барлық музей қызметкерлері дәлелмен айта алады. Сондай-ақ, елімізде тыйым салынған «Сенім.Білім.Өмір» қоғамдық бірлестігінің мүшесі болып, уағыз жүргізгені үшін Садықбековтің командасындағы кейбір азаматтар сотты болған.
Ал Садықбековтің өзі және командасының діни ұстанымы бойынша БАҚ көздерінде жарық көрген мына мәліметтерді ұсынамыз…..

1.https://abai.kz/post/39675

2.https://serke.org/news/yasaui-kesenesining-basshysy-kaesipker-aejeldi-bopsalap-zhuer

Түркі елдерінің астанасы болған Түркістанның жауһары Қожа Ахмет Ясауи кесенесін зікір рәсіміне пайдаланып, музей ісін аяқасты етіп, қудаланған Садықбековті ЮНЕСКО тізіміндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, яғни «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына директор етіп жолатпауыңызды бүткіл қорық-музей ұжымы сұрайды және түбегейлі қарсылық білдіреді. «Жаңа Қазақстанды» музей-қорықты бүлдіріп кеткен адаммен құруға қарсымыз. Бізге діни көзқарастағы адам емес, мықты менеджер бола алатын басшы керек.

Құрметті Президент мырза!

Түркістан қаласын гүлдендіріп, екінші зиярат орталығы және сәулет ескерткіші ретінде әлем мойындаған рухани-мәдени орынға қызметіне сай келмейтін, ұжымға қарсы адамды тағайындағанша ортағасырлық жәдігерлерді орналастырар жер таппай, 26 000-нан аса жәдігер мен қызметкерлері отыратын ғимарат мәселесін шешіп беруіңізді сұраймыз. Қазіргі таңда «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының 100-ден аса қызметкері Түркістан — облыс орталығы болған тұста екі қабатты ғимараты бұзылуы себепті әлі күнге музей жәдігерлерін сақтайтын талапқа сай келмейтін өте ескі ғимаратты паналап отыр. Ғимарат мәселесі үш жылдан бері шешімін тапқан жоқ. Соған қарамай, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы өз жұмысын табысты атқарып, көптеген жетістіктерге жетіп келеді.

Біздің талап-тілегіміз орындалмаған жағдайда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұжымы бірауыздан жұмысын тоқтатып, Нұр-Сұлтан қаласына өзіңізбен тікелей кездесуге баруға дайын екенін хабарлаймыз.

Jsk ақпарат

Автор: admin