• 24 ноября, 2024 11:23 пп

Бюджет қаржысын толық және тиімді игеру қажет.

Автор:admin

Апр 17, 2024

«Құрылыс пен жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталып, сапалы орындалуы тиіс». Осылай деген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аппарат отырысында облыс бюджетінің орындалуының қорытындысын және салықтық түсімдер мәселесін тыңдады. Қаражаттың тиімді игерілуінің маңыздылығын еске салып, бұл мәселені қатаң бақылауды талап етті. Өңір басшысы әкімдерге бюджетті жоспарлаған кезде халықтың барлық қажеттіліктерін ескеруді және бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауды жүктеді. Жалпы жергілікті бюджетке түсім көлемі артқан. Салық түсімдерінде өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім бар. Қазіргі таңда жергілікті бюджетке түскен түсім көлемі 112 млрд. теңгені құрады. Жылдың қорытындысымен барлық аудан, қалалар бойынша кірістер жоспары 100%-ға орындалады деп күтілуде. Отырыста Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков шаһарда бой көтерген тұрғын үйлерді қабылдап алу мен сатылуы барысын баяндады. Қаланы абаттандыру, көгалдандыру және инфрақұрылым, тұрғын үй массивтерін сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстарды ортаға салды. Сонымен бірге, аппарат отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өсуінің алдын алу шаралары мен тұрақтандыру жұмыстары жайлы айтылды. Облыста әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауардың 16 түрі өндіріледі. Тұтыну нормасына сәйкес, бұл өнімдермен облыс халқы толық қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, картоп, сәбізбен 1,5 есе, пиязбен 3,1 есе, қырыққабатпен 4,2 есе, етпен 1,5 есе, сүтпен 7 есе. Ал, тек құс етімен қамтамасыз ету көлемі 26,2%-ды, жұмыртқамен қамтамасыз ету көлемі 41%-ды құрайды. Сонымен қатар, аудан, қала әкімдіктері тарапынан тұрғылықты халықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етіп, бағаны тұрақтандыру мақсатында кеш пісетін картоп (7,2 мың га) және көкөніс дақылдарын (пияз – 2,0 мың га, сәбіз – 1,5 мың га, қырыққабат – 2,9 мың га) өсіруді қолға алу бойынша тапсырма берілді. Нәтижесінде 126,4 мың тонна картоп, 65,1 мың тонна қырыққабат, 53,4 мың тонна пияз және 32,5 мың тонна асханалық сәбіз жиналды. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсірмеу бойынша тиісті шаралар қабылдануда.

 

Jsk ақпараттық орталығы

Автор: admin