• 24 ноября, 2024 5:35 пп

Қаржылық сауаттылық: ақшаны дұрыс жұмсау жолдары

Автор:admin

Апр 18, 2024

Қаржылық сауаттылықты еске алсақ, бірден баюды ойлаймыз. Алайда бүгінде адамдар алған айлығын күнделікті қажеттілігіне жұмсаумен шектелуде. Ал келер шақта қандай жағдайлар мен қиындықтар болатынын ойлайтындар аз. Қаражатты басқару жөнінде және ақшаға қатысты дұрыс әдеттер туралы «қаржы генийі», «Лайфхактар» кітабының авторы Данияр Жігітбекпен сұхбаттасқан едік.

– Қаржы сауаттылығын арттыру үшін ақшаға деген көзқарасты дұрыстау қажет деген екенсіз жазбаңызда. Жалпы қоғамда бала тәрбиесінде де «ақша адамды бұзады», «ақша қолдың кірі» деп тәрбиелеп жатады. Ақшаны жеткілікті жарату үшін адамға қандай көзқарас қалыптастыру қажет?

– Меніңше, ақша адамды бұзбайды, ол тек адамның ішіндегісін сыртқа шығарады. Күнәһар ақшасы көбейсе, үлкен күнәлар жасауға жол ашылады. Ізгі адам ақшасы көбейсе, жақсылық жасау аясы кеңейеді. Жалпы, үнемдеудің антонимі – ақшаны шашу. Мысалы, қажет болмаса да, зат сатып ала беру. Қанша теңге керек? Оны не істейсің? деген сұраққа «ананы сатып алам, мынаған жұмсаймын» деп жауап берсеңіз, демек сіз тұтынушысыз. Тапқаныңды жұмсай бергің келеді. Ал өзін тұтынушы емес инвестор сезінетін адам ақша деген сөзді естігенде, оны бірден жұмсай салуды емес оны көбейтуді, сақтауды ойлайды. Тұтынушылық та әдет. Бірақ жаман әдет. Себебі сені қарызға батырады, адамның қаржылық тәуелсіздігн шектейді. Маған ақшаны ұпай деп қабылдаған ұнайды. Жалпы, әр адам қалай қабылдаймын десе өз еркі. Бастысы, шабыттандырса болғаны. Мысалы, біз компьютерлік ойын ойнаған кезде миссияны өту арқылы көп ұпай жинауға тырысамыз. Ал сәтсіз қадам жасасақ, ұпай жоғалтамыз. Ал егер ұпай саның белгілі бір шектен төмен түссе, жинақы бола түсеміз. Ойын болған соң, қатты уайымдаймыз әрі жеңіл қабылдаймыз. Нақты күшпен кірісесің. Бұл кезде ақшаға маңыздылық берілмейді. Бастысы, ойын ретінде көру.

 

Jsk ақпараттық орталығы

Автор: admin