«Полицияда дөрекілік пен біліксіздікке жол берілмеуі керек. Мұнда жоғары дайындықпен келген және өз ісіне шынайы берілген мамандар жұмыс істеуі қажет. Мемлекет пен қоғам оңтайлы өзгерістерді күтіп отыр. Тәртіп сақшылары азаматтарға үлгі болуға тиіс», – деп айтқан болатын Қасым-Жомарт Тоқаев. Ия, біздің Шымкент қаламызда осы сөзді тілге тиек етіп, шаһар сақшыларының біліктілігін арттыру бағытында бірнеше кешенді жоспар әзірлеген. Қазақ полициясы туралы көп айтылады. Көпке топырақ шашу жақсы емес, әрине. Дегенмен көп ретте олардың дөрекі екені, жемқорлыққа бейім, істі ашуға құлық танытпайтыны жиі жазылып жүр. Әлбетте, бұл жаңсақ емес. Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келгелі бері ішкі істер саласын реформалау тақырыбы жиі бой көтере бастады. Президент бұл туралы Жолдауында да мәселе көтерді. Президенттің сөзінше, алдағы үш жылда Ішкі істер министрлігінің реформасы үшін 173 миллиард теңге бөлінбек. Қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі – құқық қорғау жүйесін түбегейлі реформалау. Полиция енді күшін көрсететін емес, азаматтардың қауіпсіздігі үшін қызмет ететін органға айналуы тиіс. Бірінші кезеңде әкімшілік полиция комитеті жұмысын қайта ұйымдастыру маңызды. Мұны өте сапалы түрде жүзеге асыру керек, – деді Президент. Аталған қаражат полицейлердің жалақысына, тұрғын үй арендасына, халыққа қызмет көрсету негізіндегі фронт-офистер құруға жұмсалмақ. Бұл салада кәсіби кадрлар жұмыс істеу керек. Үкіметке олардың жалақысын көтеруді, бұл мақсатқа 40 млрд теңге бөлуді тапсырамын, – деді Қ.Тоқаев. Реформалау қазірдің өзінде басталып кеткен. 106 бөлім мен 1180 басшылық қызметі қысқартылған. Бұл экономикаға 16 миллиард теңге пайда әкеліпті. Үнемделген осы қаражат және Үкімет берген 20 млрд қызметкерлердің жалақысын жоғарылатуға жұмсалмақ. Мұның бәрі – билік және Үкімет тарапынан айтылған ресми мәлімдемелер. Оның орындаларына күмәнданбай-ақ қояйық. Бірақ бір нәрсе көңілді мазалай береді. Ол – біздегі полиция психологиясы. Тұрғындар қауіпсіздігін қорғаудан гөрі оларға қауіп төндіру, алдымен хал сұрамай, құжат сұрау, өз елінің азаматына емес, ата жауына өшіккендей қарым-қатынас жасау – қазақ полициясына тән ғадет болып барады. Президент ауыз толтырып айтып отырған реформа алдымен осы мәселені реттеу керек. Мұндай ойды әлеуметтік желіде «Требуем реформу МВД» тобының өкілдері соңғы кезде жиі айтып жүр. Полицейлердің жалақысы – өте маңызды мәселе. Өте көп талқыланды да. Полицейлердің жалақысы және әлеуметтік пакеті өмір сүруі үшін жоғары деңгейде болғанын қолдаймыз. Грузия тәжірибесі бізге әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған адамнан әлденені талап етудің өзі мүмкін емес екенін дәлелдеп берді. Ойлап көріңізші, егер полицей қайтыс болса, оның балаларына кім қамқор болады? Грузияда полицияның өзі мен отбасы мүшелерін қамтамасыз ететін арнаулы медициналық сақтандыру бар. Балаларын тегін оқытады. Мемлекет белгілі бір деңгейде оларға қамқор деген сөз. Сонда ғана ол жемқорлықтан аулақ болады. Бір сәттік пара алу отбасына қатер төндіретінін жақсы түсінеді. Егер полицей әйелі, баласы, ата-анасына арналған әлеуметтік пакет бола тұра пара алса, онда бірінші оған сөгіс беріледі. Сөйтіп, бес жылға керемет игіліктен айырылады. Ал екінші рет қайталаса – жұмыстан қуылады. Қазақстанда отбасы құндылығы мен пікірінің қаншалықты маңызға ие екенін білесіз. Қанша дегенмен ғасырлардан бері қалыптасқан дәстүр адамның отбасы алдындағы ұяты мен жауапкершілігіне әсер етеді. Осы мәселені жедел түрде жолға қою керек, – дейді азаматтық белсенді Ерлан Нұрпейісов. Бұдан келіп шығатын қорытынды – толыққанды материалдық игілікпен қамтылған полиция халыққа адал қызмет көрсетуі керек. Әлемнің бірқатар елінде ішкі істер қызметі осылай жолға қойылған.
Jsk ақпараттық орталығы