Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрқашан әскери қызметке ауқымды көңіл бөліп келеді. Әскери қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған заң жобасы мен жолдауларында әрдайым көтеріліп отырады. Осы орайда Шымкент қаласы да әскери қызметкерлердің оның ішінде резервшілердің жағдайын жақсартуға бағытталған жолдаулардағы тапсырмаларды орындауды кезек күттірмейтіндігі белегілі. Резервшілердің шектеулі жастары офицерлік құрам үшін 60 жасқа дейін, ал сержанттар мен сарбаздар үшін 50 жасқа дейін құрайды. Әйел адамдар резервтегі қызметке жалпы-негізгі ережелер бойынша қабылданады. Олардың шектеулі жасы – 45 жас. Біз резервтегі әскери қызмет туралы заң жобасы жайлы Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұлдың пікір білдіруін сұраған едік.
– Резервтегі әскери қызметті енгізу қазіргі алмағайып заман талабынан туындаған орынды шешім деп ойлаймын. Мұндай тәжірибе бұрынғы Кеңес Одағы кезінде болғанын білеміз. Заң жобасының тұжырымдамасын әзірлеу кезінде резервтегі әскери қызметті құқықтық реттеудің халықаралық практикасы, атап айтқанда, Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Германия, Ресей, Беларусь сияқты алыс-жақын шетелдердің тәжірибесі зерделенген. Солардың ішінде, әрине АҚШ-тың нұсқасы анағұрлым тартымды деуге болады. Себебі онда резервтегі адамға Қарулы Күштердің әскери қызметшілеріне берілетін жеңілдіктердің бәрін беруге кепілдік берілген екен. Ал біздің елдің Қорғаныс министрлігі әзірлеген заң жобасында көршілес Ресейдің жұмылдыру резервіндегі қызметінің тәжірибесі негізге алынған. Нақтырақ айтсам, 2015 жылы Ресей Президенті «РФ Қарулы Күштерінің жұмылдыру адам резервін құру туралы» жарлыққа қол қойған болатын. Соған сәйкес ресейлік резервтегі әскери қызметшінің ай сайын 2-3 күн оқуы және жыл сайын 20-дан 30 күнге дейін созылатын жиындардан өтуі қарастырылған. Әрине әркім «көрпесіне қарай көсілетін» кез ғой қазір. Дегенмен, заң жобасы келіп түскен соң оны жан-жақты талқылап, резервтегі әскери қызметтің азаматтарымыз үшін барынша тартымды болуына күш саламыз. Оған дейін ел болып екпе алып, санитарлық-эпидемиялық тәртіпті сақтап, коронавирус індетін ауыздықтасақ, сөйтіп экономикамызды көтеріп, ел қазынасындағы қаржыны молайтсақ, құба-құп. Айналып келгенде, қай өзекті мәселенің болсын шешімі бюджетке тірелетіні анық қой, деді белгілі қоғам қайраткері.