• 18 октября, 2024 6:17 дп

«Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өткен жылы қол қойған болатын. Мұндағы мақсат әскери азаматтар мен азаматшалардың әлеуметтік мәселесіне оң әсер беріп, олардың экономикалық дамуына үлес  қосу еді. Осы орайда Шымкент қаласының әскери қызметшілер де заң аясында үйлі болып, Отан алдындағы қызметін абыроймен атқармақ. Яғни, азаматтың өмірге деген көзқарасын өзгертіп, тәртіпке салатын, Отанына, отбасы мен туған-туысқандарына деген сүйіспеншілігін арттыратын өмір мектебіне айналмақ. Осы мектеп майданында шыңдалып, жауапкершілікті сезініп жүрген азаматтар бүгінде қоғамның түрлі саласында еңбек етіп, отбасы мен мемлекеттің жанашырларына айналуда. Тіпті бүкіл өмірін осы әскери саламен байланыстырған ер-азаматтар қаншама?! Әскери қызметшілер кез келген сәтте еліміздің ең шалғай деген нүктесіне жіберіліп, өз антына адал қызмет етуі керек. Қаладағы 92987 әскери бөлімі 51 жеке таулы-егерлі полкі жүк-арту көлік рота командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары, аға сержант Талғат Батырбеков те Шымкент қаласының әскери қызметшісі. Талғат Бауыржанұлы өзін сауатты, қызметтік міндеттерін жауапкершілікпен және толық көлемде орындайтын еңбекқор қызметкер ретінде жақсы жағынан көрсетуде. Аға сержант ұжымның қоғамдық және спорттық өміріне белсене қатысады. Әріптестер оның еңбегі мен білімін жақсы бағалайды. Ол өзінің тәжірибесі мен алған білімімен жас сарбаздарға үлгі болуда. Аға сержанттың қызметтегі еңбегі бағаланып, ол «Оңтүстік» Өңірлік қолбасшылығының құрылғанына 20 жыл толуына орай мерекелік естелік төсбелгімен, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен, ҚР Қорғаныс Министрлігі Қарулы Күштері кәсіпқой сержанттардың құрылғанына 25 жыл толуына орай мерекелік естелік белгісімен, «ҚР Қарулы Күштеріне-30 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. Бір айта кетерлігі, Талғаттың әкесі Бауыржан Айтымбетов еңбек жолын ішкі істер саласына арнаған ардагер. Отбасында әскери-патриоттық тәрбиеге баулыған ол әкесінің өмір жолын үлгі-өнеге санайды. Әке өсиетімен қанаттанған оның санасында «Алтындай басыңды қор қылма, ешкімнің ала жібін аттаушы болма, өліп бара жатсаң да шындықты айт, адамдармен амандасқанда, бетпе-бет сөйлескенде, көзіне тік қараушы бол, қолын алғанда, сенімді бол» деген сөздері жаңғырып тұрады. Сонымен қатар, ол қызметіңе жауапкершілікпен қарап, әлемдегі барлық жұмыстың маңызды екенін, біреудің лауазымы төмен болса да сөзбен тілдемеу қажеттігін естіп өскен. -Отан алдындағы борышты өтеу – әрбір азаматтың парызы. Шымыр да сымбатты болуға, әрі төзімділікке тек қана әскер шынықтырады. Әскери тәртіп пен жауынгерлік дайындық та күннен-күнге шыңдай түседі. Жалпы сарбаздардың әскери өмірге бір күнде бейімделіп кетуі оңай емес екені белгілі. Жаңа аттанғалы тұрған жас сарбаздарды алда қандай тосынсый күтіп тұрғаны қызықтырады. Олар психологиялық тұрғыдан іштей дайындалатыны да анық. Бейімделу кезеңінде сарбаздармен психодиагностикалық, психологиялық ағарту жұмыстары және психологиялық коррекциялық жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ, мерзімді әскери қызметшілермен өздеріне деген сенімділіктерін арттыруға, ұжымды біріктіруге, жалғыздықтан шығу жолдарын көрсету мақсатында психологиялық тренингтер де өткізіліп тұрады. Жаңа ортаға үйрену үшін біраз уақыт керек. Бұл уақыт адамның өзіне байланысты. Мамандар кейде мұны күйзеліс кезеңі деп те атайды. Тез тіл табыса білетін, бейімделуге қабілеті жоғары жандар ары кетсе 10-20 күннің ішінде жаңа ортаға сіңісіп үлгереді. Ал томаға-тұйық жандар үшін жаңа ортаға бейімделу бірнеше айға созылуы мүмкін. Егер адам жаңа ортаға сіңісе алмай жүрсе, психологтың кеңесіне жүгінген абзал. Осы секілді жас сарбаздар үшін де алғашында әскери ортаға бейімделу кезеңі жүреді, – дейді аға сержант Талғат Бауыржанұлы. Аға сержанттың сөзінше, әскери өмір жастарды Отанға деген сүйіспеншілікке, ата- ананың қадірін білуге, достыққа адалдықты, сабырлық пен шыдамдылыққа үйретеді. Сондықтан, ол жастардың әскери борыштан жалтармай, ер азамат ретінде үлкен өмір мектебінен өтуі керек деп есептейді. Десек те, қазіргі заманда көпшілік бұл пікірді қолдай бермейтінін де тілге тиек етті. Сондықтан, қоғамда тепсе темір үзетін жігіттердің дені Отанға адал қызмет етудің орнына әскерге бармаудың түрлі жолын қарастыратыны өкінішті. Олардың бұл қадамын көбіне ата-аналары құптап, балаларын әскерге жібермеуге барын салатыны да бар. Осы тұста, ойымызға бірден «Отанды қорғау отбасынан басталады» деген сөз оралады. Сол себепті де әр ата-ана ұлына Отан алдындағы қастерлі борышы екенін ұғындыра алса, онда әскерге барудан жастар жалтармас еді.

 

Jsk ақпараттық орталығы

Автор: admin