• 25 декабря, 2024 6:43 дп

Мемлекеттік сатып алудың жаңа жүйесінің тиімділігі

Автор:admin

Июн 15, 2024

Мемлекет басшысының мемлекеттік сатып алудың жаңа жүйесі кәсіпкерлерге одан әрі қолдау көрсету, сатып алу рәсімдерін оңтайландыру және қысқарту, бағадан сапаға басымдық беру және саланы толық автоматтандыруды қамтамасыз ету қажет дегені белгілі. «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң жобасы Парламенттің екінші оқылымынан өтті. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов айтты «Мемлекеттік сатып алу саласы маған әкімнің орынбасары ретінде қызмет атқарған кезімнен бөтен емес. Себебі осы жауапты салаға жетекшілік еткен болатынмын. Сол кезеңнен «Сыны мен күрмеуі көп мемлекеттік сатып алу саласын жетілдіру қажет» деп жиі әртүрлі мәселелерді көтеруге тырысатынмын. Сондықтан жаңа «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасы Мәжіліс қарауына түскен кезде, ойда қордаланып жүрген, тәжірибеде кездескен шешімін қажет ететін ұсыныстарымды енгіздім. Мәселен, мердігер салғырттығынан нысандар соғылмай, «сақалды» құрылысқа айналса да, дәл сол мердігер мекемелер келесі конкурстарға еш кедергісіз қатысуын тәжірибе жүзінде ешкім шектей бермейді. Яғни, қолданыстағы заңнама оларды жауапкершілікке тартуға дәрменсіздік танытып, тек айыппұл төлететін. Енді, біз ұсынған жаңа заң қабылданса, мердігер жүктелген нысанда аяқтамаған болса, ол басқа конкурстарға қатыса алмайды», – дейді депутат. Оның пайымынша, бұл өзгеріс мердігерлердің жауапкершілігін күшейтіп қана қоймай, мемлекеттік мекемелердің де екеуара жасалған шарт талаптары орындалмаса, уақытылы сотқа жүгінуіне мүмкіндік береді.

«Халық арасында «черный список» қатарындағы сатып алудың жосықсыз қатысушылары тізіліміне енді нысандарды тастап кеткен мердігерлер ғана емес, құжаттарында жалған ақпарат берген кәсіпкерлер де енгізіледі. Бұл өзгеріс жалған құжаттар ұсынып, конкурс жеңімпазы болуға ұмтылатындардың жолын кесіп, заңсыз әрекеттерін шектейтін болады. Жеке секторға «строительство под ключ» ұғымы таңсық емес. Енді Мемлекет басшысының бастамасымен құрылысы басынан аяғына дейін бір мердігермен жүргізілетін жұмыстар мемлекет қаржысына  жүзеге асырылатын болады. Құрылыс саласының қыры мен сыры қанық жан ретінде осындай елеулі өзгерістердің енгізілуіне себепші болуым заңдылық деген ойдамын», – деді Мархабат Жайымбетов. Сондай-ақ ол сатып алуларға «қоғамдық мониторинг» институты енгізілетінін атап өтті. Мамандар болмаса, мемлекеттік сатып алу туралы пікірлер бұқаралық ақпарат құралдарында немесе әлеуметтік желідегі жарияланатын мәліметтерден қалыптасады.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin