Дін – мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды факторлардың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Еліміздегі ортақ ауызбіршілік, елжандылық, адамды сүю, бейбітшілік пен тыныштық – дәстүрлі діндердің басты ұстанымы, ал ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтылмасымыз анық. Осы орайда Шымкент қаласы Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен қала жастары арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында «Noextremism, Noterrorism» акциясы өтті. Дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мамандары Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы мен Шымкент көпсалалы колледжінде болып, жастарға қоғамның дәстүрлі, мәдени және отбасылық құндылықтарын нығайтуға бағытталған діни-ағартушылық шараларын жүргізуде. Семинарда исламтанушы, РАТТ мүшесі Ермек Бекбосынов, дінтанушы, РАТТ мүшесі Мәди Бесбаев баяндама жасап, іс-шара барысында 500-ге жуық жас қатысты. Кездесу барысында экстремистік ұйымдардың негізгі мақсатты аудиториясы идеологиялық көзқарасы қалыптаспаған жастар санаты екендігі айқындалды. Жастардың интернет желісінде белсенділігін пайдаланып, әлеуметтік желілерде зорлық-зомбылықты насихаттаудың, радикалды идеялардың таралуының стратегиялық құралы ретінде қолданылатындығы, әлеуметтік желілер мен SMM жарнамалық құралдарын пайдалану арқылы халықаралық террористік ұйымдардың көшбасшылары өз аудиториясының негізгі қажеттіліктерін анықтап, соған сәйкес материалдар дайындайтындығы туралы ақпарат берілді. Жаңа технологиялардың даму ғасыры жастар арасында онлайн кеңістікте діни экстремизмнің алдын алудың тиімді тетігін құру қажеттілігін айқындады. Сонымен қатар бұл экстремизм мен терроризмнің алдын алу және қарсы әрекет бойынша заманауи әдістердің жасақталуына және енгізілуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ кездесу барысында қатысушылардың мазалаған сұрақтарына тұщымды жауаптар да берілді. Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Қазіргі таңда ислам атын жамылған түрлі жат ағымдар жастарымыздың санасын улауда. Ал осы жат ағымның шырмауына түскен жастарымыз хақ дін мен теріс ағымның арасын ажырата алмай жүр. Бұл еліміздің болашағы үшін де, қоғам үшін де ойланатын үлкен мәселе. Жат ағымның алдын-алу мәселесінде біздің ел — күшпен емес, біліммен, идеологиямен жеңуді көздейді. Қазіргі таңда еліміздің әр аймағы бойынша дін істері басқармасы жұмыс істейді. Басқарманың өзінің көптеген функциялары бар. Ал сол функцияның бірі – осы жат ағымның жетегінде кеткендерді кері қайтару. Оларды бақылауда ұстап, оңалту жұмыстарымен айналысу секілді түйткілді мәселелерді ортаға қояды.
Jsk ақпараттық агенттігі