• 26 ноября, 2024 8:44 дп

Адам папилломасы вирусы (АПВ) дегеніміз не?

Автор:admin

Авг 16, 2024

Бүгін Шымкент қаласының Өңірлік Коммуникациялар қызметінің алаңында шаһарымыздың “Сібір жарасы ауруының алдын алу, адам папиломма виурысына қарсы вакцинациясының маңызы туралы брифинг өтті. Жиынға Тұрымбетова Айгүл Мелесқызы — Шымкент қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшыcының орынбасары,  Исмаилов Самат Тастемірұлы — Қалалық онкологиялық орталықтың емдеу ісі бойынша директордың орынбасары,  Базарбеков Қайрат Мейірханұлы — Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары, Ибишев Мұрат Майлыбекұлы — Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының 6- шы бөлім меңгерушісі, штаттан тыс бас инфекционисті қатысып аталмыш тақырып аясында БАҚ өкілдері мен қала тұрғындарына тақырып аясында баяндама жасады. Өзекті тақырыптардың бірі: Адам папилломасы вирусы.  Толығырақ назарыңызға осы вирус жайында ақпаратты назарыңызға ұсынамыз.
Бұл теріні және дененің әртүрлі бөліктерінің шырышты қабықтарын зақымдайтын вирустар тобы.

АПВ  вирусы  қандай қауіптілік төндіреді?

Вирус қауіпті, өйткені ол тез тарала алады, нәтижесінде папилломалар пайда болады (сүйел өсінділері) және жасушалардың қатерлі ісігінің деградациясы мен жатыр мойны обыры сияқты қатерлі ісіктің дамуына қоздырғыш болады.

Ғылыми мәліметтерге сәйкес, 10 әйел мен ер адамның 8-і 25 жасқа дейін АПВ жұқтырған.

ЖЫЛ САЙЫН ҚАЗАҚСТАНДА жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайлары тіркеледі, оның ішінде 600-ден астам әйел бір жылда осы патологиядан көз жұмады.

Біздің елімізде жатыр мойны обыры барлық жастағы әйелдер арасында сүт безінің обырынан кейінгі кең таралған обырдың екінші түрі болып табылады.

Адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцина 15 жылдан астам уақыт бойы қолданыстажәне Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстанды қоса алғанда, дүниежүзінің 135 мемлекеттерінде жасалады.

АПВ ВИРУСЫ ҚАЛАЙ БЕРІЛЕДІ?

Тұрмыстық жанасу жолымен:

АПВ қол алысу, сүйісу, терідегі зақымданулар арқылы берілуі мүмкін. Вирус ылғалды ортада тез таралады, сондықтан қоғамдық орындарға – сауналарға, моншаларға, спорт залдарына, дәретханаларға, бассейндерге барғанда жеке гигиенаны сақтаған дұрыс.  

Жыныс жолымен:

Вирустардың онкогенді типтері жыныстық жолмен берілгенде жыныс мүшелері аймағында орналасатын ұшы сүйір сүйелдерді тудырады.

Тікелей жолмен туу кезінде:

Вирус анадан сәбиге оның босану жолдарымен өту кезінде беріледі. Сүйелдер көбіне нәрестелерде өмірінің алғашқы жылдарында ауызда немесе теріде пайда болады.

Өзіне-өзі жұқтыру жолы:

АПВ қырыну немесе эпиляция кезінде дененің бір бөлігінен екінші бөлігіне жиі ауысады.

Бүгінгі таңда АПВ-ны емдеу жолы жоқ, алдын алудың бірден-бір әдісі – вакцинация. Жатыр мойны обырының (ЖМО) дамуына әйелдің АПВ инфекциясын жұқтыруы себеп болатыны ғылыми дәлелденген.

2024 жылғы күзден бастап Қазақстанда 11 жасар қыз балаларға АПВ-ға қарсы вакцинация жүргізілетін болады.
АПВ-ға қарсы вакцина мектептерде немесе тіркелген мекенжайы  бойынша  емханаларда екпе кабинеттері арқылы тегін негізде қолжетімді.
Вакцинация ата аналарының немесе қамқоршысының ақпараттандырылғанжазбаша келісімімен  жүргізіледі.
Вакцинация қарсы көрсетілімдер болмаса, дәрігердің қарап тексеруінен кейін 6 ай аралықпен екі рет жүргізіледі.

НЕЛІКТЕН ВАКЦИНАЦИЯ 11 ЖАСТАҒЫ ҚЫЗДАРҒА ЖАСАЛАДЫ:

Вакцина адам жұқтырғанға дейін енгізілсе, ең тиімді болып табылады. АПВ 25 жасқа толмаған адамдар арасында жиі кездеседі. Сонымен қатар, осы жастағы вакцинация ең күшті иммундық реакцияны қамтамасыз етеді.

1-АҢЫЗ: АПВ вакциналары қауіпсіз емес.

ФАКТ: 2006 жылы тіркелгеннен бері АПВ вакциналарының 500 миллионнан астам дозасы таратылды. Тіркеуден кейінгі қадағалау шеңберінде осы уақытқа дейін анафилактикалық реакция туралы сирек хабарларды қоспағанда, қауіпсіздікке қатысты маңызды мәселелер анықталған жоқ. Вакциналар қауіпсіздігі жөніндегі жаҺандық консультативтік комитет (ВҚЖКК) АПВ вакциналарының қауіпсіздігі туралы деректерді үнемі талдайды және қауіпсіздікке  қатысты алаңдаушылық тудыратын аспектілерді әлі анықтаған жоқ.

2-АҢЫЗ: Вакциналар, соның ішінде АПВ вакциналары тиімсіз.

ФАКТ: АПВ вакциналары бірқатар елдерде тиімді екендігі дәлелденді. Сонымен, АҚШ-та вакцина енгізілгеннен кейін 11 жыл өткен соң, 13-26 жастағы әйелдер арасында АПВ таралуы 81%-ға төмендеген.

3- АҢЫЗ: АПВ вакцинациясы бедеулікке апаратын жол.

ФАКТ: АПВ вакцинасы әйелдердің репродуктивті функциясына әсер етпейді және бедеулікті тудыруы мүмкін емес, бұл әлемнің дамыған елдеріндегі көптеген жылдар бойы жүргізілген клиникалық зерттеулермен дәлелденді. Керісінше, АПВ-дан туындаған қатерлі ісікке шалдыққан адамдарға кейде олардың балалы болу қабілетін шектейтін емдеу қажет болады, мысалы, АПВ-ға қарсы вакциналар мен бедеулік арасындағы байланыс – бұл клиникалық дәлелденген фактісі жоқ қоғамда белсенді түрде таратылған жалпы қате түсініктердің бірі.

4-АҢЫЗ: АПВ вакцинасы жыныстық азғындыққа әкеледі.

ФАКТ: Көптеген ғылыми зерттеулер АПВ вакцинациясы жасөспірім қыздардың жыныстық мінез-құлқының клиникалық көрсеткіштеріне әсер етпейтінін көрсетті. Бұл нәтижелер АПВ вакцинациясынан кейін азғындықтың жоғарылауы туралы алаңдаушылық негізсіз екенін және жас кезінде вакцинацияға кедергі болмауы керек екенін көрсетеді.

5- АҢЫЗ: АПВ сирек кездеседі, сондықтан АПВ вакцинациясының қажеті жоқ.

ФАКТ: АПВ-инфекциясы – ең көп таралған инфекция. Әйелдер мен ерлердің шамамен 80%-ы өмірінің белгілі бір кезеңінде жұқтыруы мүмкін. АПВ вакцинациясы жатыр мойны обырының даму қаупін азайтады.

6-АҢЫЗ: Вакцинада обыр жасушалары бар.

ФАКТ: Вакцинаның құрамына қатерлі ісік жасушалары да, тұтас адам папилломавирусы да кірмейді.

Вакциналарда вирустың жеке ақуыздары бар, олар ағзаға еніп, иммунитетті белсендіреді. Өз кезегінде иммундық жүйенің жасушалары адам папилломавирусымен күресуге бағытталған антиденелер шығарады. Осыған байланысты вакцина қатерлі ісік ауруын тудыруы мүмкін емес.

ЖАТЫР МОЙНЫ ОБЫРЫН БІРГЕ ЖОЯМЫЗ!

ҚЫЗДАРЫМЫЗДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА!

Автор: admin