Жанама салықтар – бағаға не тарифке үстеме түрінде белгіленген салық төлеушінің кірістері мен мүлкіне тікелей байланысты емес салықтар. Жанама салықтарға қосылған құнға салынатын салық, акциздер жатады. Жанама салықтарға сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметтен түсетін түсімдер де (кеден баждары түріндегі, ішкі рынокта сатылатын тауарлар бағасы мен олардың фактуралық құнының айырмасы) жатады. Жанама салықтар мемлекеттің фискалдық мүдделерін білдіреді. Бұл салықтардың ең соңғы төлеушісі болып тауарды тұтынушы табылады. Жанама салық салудың мәні салықтың тауар бағасына (қызмет тарифіне) қосылатындығында. Бұл жағдайда салықты тауардың (қызметтің) нақты тұтынушысы төлейді, алайда тұтынушы мен мемлекет арасында тікелей байланыс болмайды. Жанама салықтар салық салу объектісіне қарай төмендегіше бөлінеді: Жеке жанама салықтар – қатаң түрде белгіленген бір тауар топтарына салынады; Әмбебап жанама салықтар – негізінен барлық тауарлар мен қызметтерге салынады; Фискалды-монополиялық жанама салықтар – мемлекеттік құрылымдарда сатылатын өндірістің барлық тауарларына салынады. Кедендік баж – экспортты-импортты операциялар жасау кезінде тауарлар мен қызметтерге салынады. Салықты алатын және оған билік жасайтын органға қарай салықтар жалпы мемлекеттік және жергілікті болып бөлінеді. Жалпы мемлекеттік салықтар – барлық элементтері мемлекеттің заңдарымен анықталатын және сол елді жалпыға бірдей біртұтас қолданылатын салықтар. Бұл салықтарды бекітіп, жүзеге асыратын – Парламент. Бұл салықтар ірі деңгейдегі бюджеттерге бөлініп отырады. Жергілікті салықтар – мемлекеттің заңдарына сәйкес жергілікті өкімет органдары жүзеге асыратын салықтар. Олар жергілікті деңгейде қабылданған шешім негізінде ғана жүзеге асырылады. Бұл салықтар толығымен жергілікті бюджетке түсіп отырады. Пайдалану тәртібіне қарай барлық салықтар жалпы және арнаулы болып бөлінеді.
Jsk ақпараттық агенттігі