• 23 ноября, 2024 1:02 пп

Еркін айналымдағы – қаржы секторы

Автор:admin

Авг 25, 2024

Макроэкономикалық көрсеткіштерді республикамыздың банк жүйесінен бөліп қарау мүмкін емес. Өйткені аралық институттарды дамыту мен нығайту экономикалық өсу саясаты мен азаматтардың жағдайын көтеруді жүзеге асыруда аса маңызды құралдардың бірі болып табылады. Сондықтан Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болып кірер қарсаңында Ұлттық банк жүйесін одан әрі қарай дамыту, оның бәсекеге қабілеттілігін көтеру проблемалары аса өзекті мәселе болып есептелуі тиіс. Ұлттық банк жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін көтеру арқылы еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуының маңызды мәселелерін шешуге болады. Алдымен валюталық бағам режимі кезіндегі кейбір макроэкономикалық көрсеткіштерге тоқтала кетейін. Әлемдік тәжірибе негізінде валюталық саясатты жүзеге асыратын мынадай негізгі варианттарын бөліп көрсетуге болады: «еркін айналымдағы» валюталық бағамдар, реттелетін валюта «айналымы», тұрақты фиксациялық бағам. «Еркін айналымдағы» валюталық бағам, негізінен, нарықтық экономикасы дамыған және табысы жоғары деңгейлі елдерде пайдаланылады. Оны табысты қолдану үшін мемлекеттің экономикалық және саяси тұрақтылық болуы тиіс. Тұрақты макроэкономикалық ахуал және инфляция мүлдем жоқ немесе өте төмен болуы тиіс. Реттелетін валюта «айналымы». Бұл саясатты жүзеге асыру үшін мемлекеттің оған араласуы аздау және күрт қысқа мерзімді тербелістердің тігісін жатқызу үшін қолданылады. Сонымен қатар, экономика неғұрлым тұрақсыздау болса, валюталық резерв солғұрлым көп болуы керектігін ескеру қажет. Реттелетін «айналым» мемлекет үшін орасан шығындарды алып келіп, жоғары дәрежелі кәсіби шеберлікті талап етеді. Тұрақты фиксациялық бағам. Валюталық саясаттың бұл варианты, Батыстың алдыңғы қатарлы елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, тұрақсыз экономикадағы ішкі дағдарыстық ахуалда қолданылғаны дұрыс. Ол инфляцияның ең төменгі қарқынын қамтамасыз етеді. Соған қарамастан, ол валютаны алып-сатарлыққа жол ашып, елде тұрақсыздықты дамыту қаупі бар. Қазақстандық тауарлардың сыртқы рыноктарда бағалық бәсекеге қабілеттілігін сақтауға ықпал ету мақсатында Қазақстанның еркін айналымдағы теңгенің айырбас айналымы жүйесіне көшкені белгілі. Ұлттық банк ішкі валюталық рынокқа аз мөлшерде қатысуды іс жүзіне асыра отырып, айырбас бағамына араласпайтынын мәлімдеді. Ал шынтуайтына келгенде, Ұлттық банктің валюталық деңгейдегі қимылын аз қатысуда деп айта алмайсыз. Сонымен, Ұлттық банк жылдың басынан бері қарай биржалық рыноктан 4,5 млрд АҚШ долларын алды және елдің халықаралық резервін 21 млрд АҚШ долларына жеткізді. Мұндай ахуал 2004 жылы да қалыптасты. Нәтижесінде Ұлттық банк жылды 6,2 млрд теңгедей шығынмен аяқтады. Егер ағымдағы жылы да Ұлттық банкте осындай жағдай қайталанатын болса, яғни алтын-валюта резерві айналымдағы ақша массасынан бірнеше есе артық болатын болса, Қазақстан Республикасының ақша ресурстары шет елдер экономикасын қолдауға бағытталып, еліміздің қаржы игілігі резервтер орналасқан шетелдік қаржы институттары мен мемлекеттік органдарының төлем қабілетіне бағынышты болып қалады. Осылай ұзақ мерзімді жоспарда айналым бағамының мұндай саясаты республика экономикасының тұрақты дамуына еш ықпал ете алмайды.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin