• 3 декабря, 2024 5:34 пп

Қаржылылық сауаттылығыңызды арттырып, қаржы пирамидасынан сақ болыңыз!

Автор:admin

Авг 28, 2024

Сарапшылардың пікірінше, қаржы пирамидасынан зардап шеккендер қаржылық сауаттылық деңгейі төмен және саналы түрде тәуекелге баратын, оның құлдырауына дейін «ақша табуға» уақыт бар деп санайтын азаматтар болып екіге бөлінеді. Қаржы пирамидасы туралы айтылып та, жазылып та жүргенімен, атаулары әртүрлі компаниялар өз жұмыстарын жалғастыруда. Қымбатшылық бір жағынан қысса, несие екінші жағынан қысқан халықтың ұрынып жатқаны да осы пирамида. Себебі, аз уақытта несиелері мен қарыздарынан құтыламын деген мақсатпен барып, қолындағы барын беріп, ақырында сан сипап қалып жатады. Заман ағымына қарай қаржы пирамидалары да түрленіп келеді. Қазір қаржы пирамидалары бағалы қағаздар, зергерлік бұйымдар, туристік жолдамалар, криптовалюта сатамыз дегенді желеу етіп, жұрттың қалтасына түсіп жүр. Бұған қоса, заңды микроқаржы ұйымдары, букмекерлік кеңселер, тұтыну кооперативтері мен үлеспұлдық инвестициялық қорлардың атын жамылып жүргендері де жетерлік. Қаржы пирамидасы — өз қаражатын салатын жаңа қатысушыларды тарту арқылы төленетін схема. Әдетте, бұл қаражат әртүрлі жобаларға, стартаптарды дамытуға немесе бағалы қағаздарды сатып алуға инвестиция салу сылтауымен тартылуы мүмкін. Алайда, пирамиданың негізін қалаушы кез-келген уақытта жұмысты тоқтатып, кірістерді төлеуден бас тарта алады. Өкінішке орай, жарналарды қайтару мүмкін емес. Ұйымдастырушылар қатысушылар енгізген жарналардан кіріс алады. Схемаға неғұрлым көп адам кірсе, ұйымдастырушының кірісі соғұрлым жоғары болады. Көбінесе компаниялар сенімділікті арттыру үшін танымал адамдарды жалдайды. Бірақ бұл пирамида құрылымы заңды болады дегенді білдірмейді. Бұған қоса ұйымдастырушылар қатысушылардың қаражатымен төленетін жарнамаға ақша салады. БАҚ пен әлеуметтік желіде пирамидалық қаржылық схемалармен байланысты тәуекелдер туралы ақпарат беріледі. Алайда, үлкен табысты ғана ойлайтын адамдар ондай ескертулерді елемей жатады. «Пирамида термині қатысушылар санының үнемі өсуі қажет екендігімен түсіндіріледі. Оның жоғарғы жағында схеманы жарнамалайтын және кірістерді бөлу туралы шешім қабылдайтын бір немесе бірнеше ұйымдастырушы болады. Кейін қосылатындар төменгі жағында болады және аз ақша алады. Қазіргі уақытта барлық операциялар интернет арқылы жүзеге асырылады және адамдармен жеке байланыс мүлде қажет емес. Егер пирамиданың кеңсесі болса, онда әдетте компанияның қызметі туралы түсінігі жоқ бірнеше менеджерлер болады.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin