Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазнеттегі лифтіде өз әйелін соққыға жыққан ер азаматтың әрекеті қоғамның ашуын келтірген еді. Оқиға 27 наурызда елорда тұрғын үйлерінің бірінде болған.
Осы күндері ол оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіге тарап, қоғамдық пікірталас туғызды.
Оқиғаға себеп
«Немолчи.кз» қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы Дина Таңсәрі әлеуметтік желіде бұл шулы оқиға туралы жазды.
Дәрігерлер жәбірленушінің қабырғасы мен көкірек сүйегінің және омыртқасының компрессиялық сынуы деген диагноз қойды. Зардап шеккен Аружан Бәйметова оның мәлімдемелеріне құзырлы органдардың назар аудармай жатқанын айтып, көмек сұрады. Жәбірленуші оқиға 27 наурызда болғанын айтады. Сол күні күйеуі өмірлік маңызы бар мүшелерінен әдейі соққы жасаған. 28 наурызда Аружан Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының полициясына хабарласқан. Ол мәлімдемесінде «күйеуінің соққыға жығуы екі эпизодтан тұратынын» көрсеткен. Алайда оның айтуынша, анықтаушы бұл уәждерді елемейді, сондықтан қылмыстық іс тек «ерекше қатыгездікпен денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру, сондай-ақ кінәлі деп танылған адамға қатысты» фактісі бойынша қозғалған, — дейді Дина Таңсәрі.
Оның айтуынша, әйеліне озбырлық көрсеткен Елнұр Бәйметов Шымкентте бір құрылыс компаниясын басқарады.
Ұрған, соққан, буындырған
Аружан Бәйметова республикалық телеарналардың біріне берген сұхбатында Елнұр Бәйметовке 2018 жылы тұрмысқа шыққанын айтады. Олардың екі баласы бар. Алайда отбасы деген аты ғана, бірге болған жылдарда ұрған, соққан, 20 градус суықта балконға қамап қойған. Көп жағдайда оқиғаларға қызғаныш себеп болады екен. Тараған видеоға да сондай жағдай себеп болған.
Екеуміз туыстарымыздың шақыртуымен караокеге бардық. Бір сәтте мен микрофон алып, ән айта бастадым. Екінші микрофонды күйеубалам алып, қосылды. Күйеуім жедел маған қорқытатын хабарлама жіберді. Кеш тарқап, үйге келгенде жеделсаты есігі жабылмай жатып ұра бастады, — деді Аружан Бәйметова.
Бірақ төмпештеу онымен бітпеген. Үйге келген соң үйге жеткізген інісімен бірге болдың деп соққылауды қайта бастаған. Алайда оны полиция ескермей отырған көрінеді.
Сол күнгі соққыдан кейін төрт сүйегім сынып, миым шайқалды. Оның ата-анасы жанжал үстінен түскенде оны сабырға шақыруға тырысатын. Анасы менімен көп сөйлесетін. «Барлық еркек осылай ұрады. Мені де, менің әжемді де ұрды» — деп айтатын. Бұл сөздер маған қалай әсер ете бастағанын да байқамай қалыппын. Қандай жағдай болса да, отбасымды сақтап қалуға тырыстым, — деді ол.
Аружан Бәйметова жақын күндері заңды түрде ажырасатынын мәлімдеді.
«Байдың балалары»
Танымал тележүргізуші Диана Қырықбай әлеуметтік желідегі бір видеосында әйелін ұрып жатқан Елнұр Бәйметовты танитынын айтты.
Қыздар маған сол видеоны қайта-қайта жіберіп жатыр екен. Сөйтсем, мен оны танимын. Мектеп кезінде ол байдың баласы еді. Қыздардың барлығы артынан жүгірген. Өте тәкаппар болатын. Бірақ барлық қыз оған ғашық болатын. Ол сүйкімді жігіт, ақшасы бар және жақсы отбасынан шыққан еді. Анасы алақанында аялап жүретін. Ақшасы бар, байдың балалары өздеріне барлығын жасауға болады деп ойлайды. Олар «әкем шешіп тастайды, әкем жағдайымды жасап береді» деп ойына келгенін істейді. Мектеп пен университетте оқып жүрген қыздарға ақылым: әке-шешесіне қарамайтын, өзі еңбек ететін жігіттерге қараңыздар. Қолы жүгіріп тұратын, әке-шешесінің ақшасымен күн көретін жігіттерден қашыңдар. Жаңағы жігіт өзінің балаларының анасы, әйелін тоқпақтап тастаған. Қандай жауыз адам, — деді ол.
Агрессордың анасы – әйелдердің қорғаушысы
Бейнежазба тарағаннан кейін агрессордың анасы Гүлайым Шұңғараева тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің жақтасы екені анықталды.
Бұл туралы белгілі заңгер Айгүл Орынбек facebook-тегі парақшасында жазды.
Танымал заңгер Айгүл Орынбек лифтіде күйеуі соққының астына алған келіншекке өзі заңгерлік көмек көрсететінін айтты.
Мынау бейнежазбадағы жігіт — Шымкенттегі AMANAT партиясының мүшесі, депутаттыққа үміткер Гүлайым Шұңғараеваның ұлы екен. Көмек сұрап шыққан қыздың туыстары «қылмыстық іс қозғалмай, бұрмаланып жатыр» деп шағымданды. Естеріңізде болар, дәл осы Гүлайым ханым өткен жылы өзінің сайлауалды бағдарламасында тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресіп, әйелдерге арналған орталықтарға барып көмек беретінін, ұлттық құндылық, сосын тәлім-тәрбие жөнінде көсіліп жазған еді. Сіз осы зорлық-зомбылық жайттарына қалай араша түсіп, көмек беріп жүрсіз?.. «Орталық аралап, сырттағы әйелдерге көмек бердім» деп оны көпшілікке көрсеткенше, үйдегі өз келініңізге көмек қолын созып, қамқорлық танытпайсыз ба?! Әйелді дәл осылай тепкілеп тұрып таяққа жығып, ұрып-соғуға болмайтынын Гүлайым ханым өз баласына үйретуі керек бірінші, — деді Орынбек.
Ол Гүлайым Шұңғараеваны елге ақыл айтып, жұрттың баласын тәрбиелемей-ақ, алдымен өз баласын тәрбиелеп алуға шақырды.
Бұл оқиға дүйім жұртқа белгілі бола бастаған кезде Гүлайым Шұңғараева әлеуметтік желідегі парақшаларын өшіріп тастайды. Ол өзінің пікірінде баласын қолдамайтынын жеткізген.
Бұл Шымкентте емес, Нұр-Сұлтанда болған оқиға. Ол кезде мен олардың қасында болмадым. Әрине, бұл өте қиын нәрсе. Мен ұлымды жақтап отырған жоқпын. Бүкіл әйел қауымынан кешірім сұраймын. Бұл дұрыс емес. Қай ана баласына «ұр» деп айтады. Қай ана қызына қол жұмсалғанын қалайды. Мен де түсініп тұрмын, маған да қиын болып тұр. Олар менімен 4 жыл бірге тұрды, 2 немерем бар. Сол аралықта балам келініме ешқашан қол жұмсаған емес. Іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Сондықтан бұл оқиғаға қатысты нақты ешнәрсе айта алмаймын, — деді Аружанның енесі Гүлайым Шұңғараева.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминалдандыру
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарды тек әкімшілік қана емес, қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша жаза енгізуді тапсырған болатын.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжановқа Павлодар халқына есеп беру кезінде осы мәселеге қатысты бірқатар сұрақ қойылды. Министр отбасылық-тұрмыстық кикілжің, ол Әкімшілік кодекспен реттелетінін айтты.
Мұндай сұрақ өте жиі кездеседі. Бүгін отбасылық-тұрмыстық жағдайды криминалдандыру мәселесі де талқыланып жатыр. Заңға бірқатар өзгеріс енгізілді. Қазір патрульдік полиция шу шығарған адамның үйіне барып алып кетеді. Қазір олар келісіп, шақырған адам өз сөзінен бас тартып жатады. Ескерту қазір сотпен беріледі. Біз заңға өзгертулерді бекерден-бекер енгізбедік. Сотта оған ескерту жасалады. Бұл қылмыстың екінші рет қайталанбауы үшін жасалып отыр. Екінші рет қайталанса, ол қамалады, — деді ол.
Марат Ахметжанов атағандай, Жолдауда отбасылық-тұрмыстық жағдайдың жазасын күшейтуді тапсырды.
Барлығын қылмыстық жауапкершілікке тартудың ара-жігі өте жақын. Бұл тұрғыда әлі де жұмыс істеу керек. Нақтылау жұмыстарын енгізу керек, — деді ол.
Іс тергеліп жатыр
Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Гүлмира Шрахметованың айтуынша, аталған азаматша басынан өткен оқиғаны әлеуметтік желіге жазған.
Айта кететін бір жайт, бұл кісілер Шымкент қаласының тұрғындары. Елордаға наурыз айының басында көшіп келіп, жалдамалы пәтерде тұрған. Ал оқиға 27-нен 28 наурызға ауған түні болған. Бұл оқиға бойынша Есіл аудандық полиция басқармасына арыз түскен соң, қылмыстық іс қозғалған. Сот-медииналық сараптаманың нәтижесі бойынша Қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-тармағының 3-тармақшасы бойынша қылмыстық іс қоғалып, тергеліп жатыр. Тергеу жүріп жатқан соң оның кейбір деректері жариялауға жатпайды, — деді Шрахметова.
Оның айтуынша, бұл азаматша бұрын-соңды полицияға хабарласпаған.
Лифтіде болған жағдайдан кейін күйеуі үйіне барған соң, ертеңгі күні де жағдай жалғасын тапқан. Біз жәбірленушімен байланыстамыз. Қорғау нұсқамасы заңға сәйкес шығарылған. Қазір оның мерзімі өтті. Қазірде жәбірленушінің мүддесін қорғайтын заңды өкілдері бізбен хабарласып отырады. Кеше әкесімен сөйлестім. Көбінесе мұндай жағдайға әйелдер агрессордан қорқудың салдарынан душар болады. Агрессордың қоқан-лоқысына шыдап, көнеді. Біз оларға кез келген жағдайда 102-ге хабарласуын сұраймыз, — деді Шрахметова.
Оның айтуынша, заңмен көрсетілген мерзім бұзылмаған.
Тергеу заңда көрсетілген мерзімге сай жүріп жатыр. Мерзім бұзу, созып алу мәселелері жоқ. Істің толық жүргізіліп, материалдар жинау үшін барлық жағдай жасалған. Қосымша тағы бір сараптама тағайындалып отыр. Одан кейін материал сотқа жіберіледі, — деді Гүлмира Шрахметова.