• 24 ноября, 2024 6:33 пп

Түркістанда нашақорлыққа қарсы ұйымдастырылған форумға мыңнан астам азамат қатысты

Автор:admin

Сен 16, 2024

Түркістан облысының орталығында “Нашақорлыққа жол жоқ! Біз өмірді таңдаймыз!” тақырыбында форум өтті. Іс-шара Түркістан облысының прокуратурасы мен облыстық полиция департаментінің бірлескен бастамасымен, облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Ауқымды шараға ҚР ішкі істер министрнің орынбасары Айдар Сайтбеков арнайы қатысты. Сондай-ақ шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев, полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов және басқа да мемлекеттік мекемелердің басшылары мен бұрын сотты болған азаматтар, тұрғындар, жалпы, мыңнан астам адам қатысты.
Жиын барысында спикер ретінде келген елге белгілі азаматтар өте қажетті мағлұматтар мен профилактикалық сұқбат жүргізіп, өмірлік тәжірибемен ұштасқан үлгі-өнегелерімен бөлісті. Салауатты өмір салтын ұстануға, жаманнан жиренуге шақырды. Қоғамдағы өзекті мәселе болып тұрған есірткіге қатысты қылмыстардың алдын алу, нашақорлыққа тосқауыл қою бағытында өз пікірлерін білдіріп, көпшілікпен пікір алмасты.
Олардың қатарында ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бахытжан Амирханов, ҚР Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров, ҚР психиатр-наркологы Нәби Есимов пен қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, актер Әділ Ахметов, әнші Қуандық Рахым болды. Форумның шымылдығы жастардың синтетикалық есірткіні қолдануы, жалпы оның кез келген адам денесі үшін тигізетін кері әсері, есірткі түрлерін сату, егу, тасымалдау үшін қылмыстық жауаптылық бар екені және т.б. түрлі жағдайларды мысал еткен театрландырылған қойылыммен түрілді.
Сонымен қатар есірткі қылмысына қарсы атқарылған жұмыстар мен қабылданып жатқан шаралар туралы бейнеролик көрсетілді. Іс-шарада сөз алған құрметті қонақтар қоғам назарын ғасыр дерті, яғни есірткіге, нашақорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыруға аударып, форумның маңыздылығын атап өтті.
Жиын соңында “Нашақорлыққа жол жоқ! Біз өмірді таңдаймыз!” ұранымен тиісті құрылымдар алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты. Алдын алу үшін ұсыныстар білдіріліп, нақты тапсырмалар жүктелді.

Автор: admin