• 19 сентября, 2024 8:22 пп

Президент Жолдауынан: Экономикалық белсенділікті арттыру керек, Шымкент қаласының саладағы дамуы

Автор:admin

Сен 2, 2024

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауында Ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою қажет екендігі тайға таңба басқандай етіліп айтылды. Шымкент қаласында бұл бағыт бойынша мемлекеттік бағдарламалар кезең-кезеңімен жүргізіліп отырғанын ескерсек, қаламыздың экономикалық белсенділігі әжептеуірім даму сатысында. Яғни мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Шымкентіміз қаржылық тұрақтылықты сақтай отырып, аймақтың даму динамикасын оң бағытта өзгертуді қалыптастырып отыр. Қазір нақты секторға несие әлі де ойдағыдай берілмей жатқанын ашық айтуымыз керек. Дегенмен қалада инвесторлардың қатысумен ірі жобалар жүзеге асып отыр. Шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Бұл жағдай еліміздегі іскерлік ортаның белсенділігіне, экономиканың тұрақтылығына және дәйекті дамуына кедергі келтіріп отыр. Үкімет пен Ұлттық Банк бірлесіп, осыған қатысты оңтайлы шешімдер ойластырды. Ал қалалар мен облыстар өз өңірінде банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау қажет. Халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктер санатына қосады. Сондықтан осы саладағы салық мөлшері әділ белгіленуге тиіс. Банктердің акционерлері дивидендіне сәйкес салық төлеуі керек. Банктерге мемлекет көрсеткен көмек тұрғысынан қарасақ, бұл – өте орынды ұстаным. Цифрлық активтердің айналымын қамтамасыз ету және банк саласына инновацияларды қауіпсіздік талабына сәйкес енгізу үшін оны реттейтін тетіктердің тұрақты болуы маңызды. Бізге Банктер туралы жаңа заң қажет. Бұл құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек. Қазір қолданып жүрген заң шамамен 30 жыл бұрын қабылданған. Ол кезде заман да мүлде басқа болды. Ашығын айтуымыз керек, бізде республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатыр. Бұл – бұрынғы және қазіргі Үкімет жұмысындағы үлкен олқылық. Мұндай жағдай жиі қайталанса, түптеп келгенде, еліміздің дамуын тежейді. Сондықтан оған жол бермеу қажет. Бюджет қаржысын тиімді пайдаланып, оның шығыс бөлігін шектеп, қатаң бақылауда ұстаған жөн. Үкімет Ұлттық Банкпен бірлесіп, осы мәселеге қатысты нақты шаралар қабылдауға тиіс. Мемлекет қаржысының тұрақтылығын қамтамасыз етудің бірден бір жолы – көрпеге қарай көсілу. Сондықтан бюджет қаражатын стратегиялық маңызы жоқ, аса шұғыл емес шаруаларға оңды-солды шашуды доғару керек.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin