• 25 ноября, 2024 11:13 дп

Шымкент қаласының комуналдық меншігінде 36 медициналық ұйым бар

Автор:admin

Май 24, 2022

Бүгінге дейін еліміз халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында «Сала­матты Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асырды. Бұл құжат белгілі бір дәрежеде өзін-өзі ақтады деуге болады. Әлбетте, денсаулық сақтау сала­сындағы мемлекеттік бағ­дар­ламаны іске асырудың пай­далы тұстары көп. Мысалы, соңғы он жылда қолға алынған шара­лардың арқасында Қазақстан медицинасы бірталай жетістікке жетті. Сала министрлігінің мәліметі бойынша, адамдардың орташа өмір сүру жасы 6 жылға ұзарды, жалпы адам өлімі 27 пайызға қысқарды. Ана өлімі – 4 есеге, сәби өлімі 1,6 есеге азайды. Ал қатерлі ісік ауру­лары – 20 пайызға, туберкулез­ден өлім-жітім көрсеткіші 5 есе­­ге төмендеді. Бұл – денсау­лық саласының жалпы жағ­дайын сипаттайтын маңызды көр­сет­кіштер. Ендігі міндет – халық­тың денсаулығын одан әрі нығайтып, саланың жағдайын мейлінше сауықтыра түсу. Медицинада қордаланып қалған түйткілді мәселелерді шешудің қазіргі заманға бейім­делген небір оңтайлы тәсілдерін қарастыру күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Осы мақсатта ал­дың­ғы бағдарламалардың жал­ғасы ретінде «Денсаулық» бағдар­ламасы дүниеге келді. Бұл құжат денсаулық проблемаларын шешу­дің 7 маңызды бағытын қамти­ды. Негізгі міндеті – қо­ғам­­дық денсаулық сақтау жүйе­сін дамы­та отырып, ауру­лар­дың ал­дын алуға бағытталған шара­­лар­ға көңіл бөлу. Сондай-ақ, ден­сау­­лық сақтау жүйесін бас­қару мен қар­жы­лан­дырудың тиім­ді­лі­гін арттырып, саланың инфра­құры­лымын жетілдіруді көздейді.  Тәуелсіз мемлекет Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірі 30 жыл ішінде тұтастай өзге арнаға ойысты. Қоғам күштерін барынша жұмылдыра отырып, ішкі және сыртқы саясатын дербес жүргізіп келеді. Өзге мемлекеттермен өзара қарым-қатынасын халықаралық құқық қағидалары негізінде бекіткен Қазақстан әлеуметтік-экономикалық тұрғыда көптеген жетістіктерге жетті. Соның ішінде, соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартудың, денсаулық сақтау саласында жүргізілген реформалардың нәтижесінде медициналық-демографиялық салада оң өзгерістер жүзеге асып жатқандығын айтуға болады. Бүгінде Шымкент қаласының коммуналдық меншігінде 36 медициналық ұйым бар. Оның ішінде 15-і ауруханалық ұйым, 14 амбулаторлық-емханалық ұйым және 7 мекеме басқа бейінге бағытталған.   Шаһарда медициналық  қызмет сапасын жақсарту мақсатында, олардың материалдық базасын жаңартып, көрсетілетін қызмет түрлері кеңейеді. Атап айтқанда, №1қалалық клиникалық аурухана, №2, N3 қалалық ауруханаларында медициналық  көмек түрі артып,   көпсалалы аурухана болып қайта құрылады.  Көпсалалы ауруханаға айналатын мекеменің бірі — қалалық балалар клиникалық ауруханасы. Жаңғырту жұмыстарынан соң ауыр дертке шалдыққан балалардың өзге қалаға сабылмай  осында ем алып, күрделі оталар жасауына мүмкіндік туады.  Бұл бағыттағы негізгі жұмыстар іске асып, орындалуда. Қазірде балалар ауруханасында нейрохирургиялық, күйік, урологиялық, торакальды хирургия, нейрохирургиялық медициналық оңалту бөлімшелерінің қызметтері жолға қойылды, неонатальды хирургиялық көмек көрсету түрі ұлғайып, жаңа туылған балаларға медициналық көмек тек қалалық балалар ауруханасында көрсетіле бастады. Нейрохирургиялық оталарды жандандыру мақсатында соңғы үлгідегі заманауи аппараттар орнатылды.

Jsk ақпарат

Автор: admin