• 18 октября, 2024 6:18 пп

Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар — ең қауіпті мамандық иелері.

Автор:admin

Окт 6, 2024

Олар үнемі өмір мен өлімнің арасында, арпалыста жүреді. «Бейбіт күннің батырлары» атанған бұл мамандық иелерінің арқасында бүгінгі күні талай адам өлімнен, қиын жағдайлардан аман қалып жатыр. Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаментіне қарасты өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмысы қызметі бөлімінің аға инженері Марлен Ердіқараев осы қиын салада еңбек еткеніне 10 жылдан асқан. Ол басында қарапайым өрт сөндіруші болып жұмысқа орналасыпты. Қазақстан инновациялық-технологиялық университетін техника қауіпсіздігі мамандығы бойынша тәмамдаған. Оқуын аяқтаған соң ол 2014 жылы өрт сөндіруші болып Шымкент қаласындағы  №4 өрт сөндіру бөліміне жұмысқа орналасады. Кейін ол аға өрт сөндіруші, бөлімше командирі болады. Қазір Марлен өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмысы қызметі бөлімінде аға инженер болып қызмет етеді.

— Өрт сөндіруші – жүректілікті қажет ететін мамандық. Бұл саланы кез келген адам  таңдамайды. Біздің қызметте өжеттілік, батылдылық пен төзімділік қажет. Менің өрт сөндіру қызметінде жүргеніме жеті жыл болды. Мамандығым өзіме ұнайды. Елге қызмет етуге әрқашан дайынмын. Менің қазіргі қызметім — облыста болған өрт оқиғаларын талдау, өрт сөндіру бөлімінің жұмысын үйлестіру, өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың өзара тәжірибе алмасып, қызметте нәтижелі жұмыс жасауына жағдай жасау. Біз қандай жағдай болмасын, сақадай сай болуымыз керек. Сол себепті тәулік бойы жаттығамыз, ғимараттың іші мен сыртында жедел құтқару шараларына үздіксіз дайындаламыз. Біз жыл сайын арнайы жоспар құрамыз. Сол жоспарға сәйкес әр түрлі спорттық, жаттығу шараларын ұйымдастырамыз, — дейді аға инженер. — Қазір біздің бөлім үлкен өрт оқиғалары болғанда өрт сөндірушілерді жұмылдыру, оларды тиісті техникамен қамтамасыз ету, штаб құрылған жағдайда оның жұмыстарын ұйымдастыру сияқты маңызды жұмыстарды пысықтап жатырмыз. Жалпы қандай жағдайда өрт оқиғалары тіркелсін, біз міндетті түрде сол жерде штаб құрып, қызметкерлерімізді жұмылдырамыз. Оқиға орнында жұмыс барысын реттеп, ыждағаттылықпен өртті сөндіруге барымызды саламыз. Марленнің айтуынша, биыл Шымкент қаласы аумағында 4-5 ірі өрт оқиғасы ( «Әйгерім» клиникасында, темір жол ауруханасында, Сауле шағын ауданында)  болып, өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің мамандарының өзара бірлесе жұмыс жасауының арқасында олар дереу сөндірілген. Ешқандай адам зардап шекпеген. Бүгінгі күні Марлен бір топ құтқарушылармен қала шетіндегі жағажайларды аралап, түсіндіру-профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатқанын айтады.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin