• 18 октября, 2024 6:15 пп

Жүректілік пен батылдылықты талап ететін ең қауіпті мамандық иелері – өрт сөндірушілер.

Автор:admin

Окт 6, 2024

Олар үнемі өмір мен өлім арасында арпалыста жүреді. Біз оларды бейбіт күннің батырлары десек те жарасады. Өрт сөндірушілердің бір күндік өмірі қалай өрбитінін көзбен көріп, танысып қайту мақсатында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар Департаментіне қарасты №2 өрт сөндіру бөліміне барып қайттық. Шымкент қаласындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі 1962 жылы құрылған. Сол жылдары бөлімде 6 техникаға ғана орын болған. Кейін өрт сөндіру бөлімі 1981 жылы қайта жабдықталып, арнайы техникаға арналған орын салынған.

– Бүгінгі таңда біздің өрт сөндіру бөлімінде 11 техника бар. Арнайы және үлкен габоритті техникалар қарастырылған. Олардың ішінде жоғары қабатқа көтерілуге мүмкіндік беретін авто иіндік көтергіш, жедел әрекет ету автомобилі, көмекші автокөліктер, автоцистерна, камаз және ЗИЛ автокөліктері бар. Сонымен қатар қыс құрсауында қалып қалған адамдарды құтқаруға арналған арнайы автокөлік бар. Авто иіндік көтергіш 54 метрді құрайды. Ол 16 қабатқа дейінгі биіктікке көтере алады. Штат бойынша жоғары техникалық дайындықтан өткен 80 өрт сөндірушіміз бар,– дейді №2 мамандандырылған өрт-сөндіру бөлімін бастығының орынбасары, азаматтық қорғау капитаны Тұрар Мелесұлы. Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментініне қарасты №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі 246 рет өрт сөндіру шараларына шыққан. Оның ішінде 12 өрт құтқару жұмысы, 178 рет дабыл, белгіленген аумақ бойынша және аумақтан тыс 55 құтқару жұмыстары жүргізілген. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты №2 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы – Бауыржан Оңалұлы. Ол Шымкент қаласы, Еңбекші ауданының тумасы. 2005 жылдан бері өрт сөндіруші болып қызмет етеді.

– Өрт сөндіру – жүректілердің мамандығы. Бұл салаға кез келген адам келеді деп ойламаймын. Біздің қызметте өжеттілік, батылдылық пен төзімділік қажет. Менің өрт сөндіру қызметінде жүргеніме он алты жыл болды. Мамандығым өзіме ұнайды. Елге қызмет етуге әрқашан дайынбыз, – деп сөзін қысқа қайырды азаматтық қорғау старшинасы Бауыржан Оңаұлы.

Бауыржан Оңалұлы сұқбат барысында әрбір өрт сөндіруші кез келген уақытта, қандай жағдай болмасын адам өмірін құтқаруға дайын екендігін жеткізді. Олар күнделікті кезекшілікке шыққанда түрлі жағдайларға кезігіп, тосыннан тұтанатын қызыл жалынмен арпалысады. Өз өмірлерін қатерге тігіп, өзгелерді құтқарады.

– Өрт тілсіз жау болғанымен өздігінен пайда болмайды. Ол көп жағдайда адамдардың ұқыпсыздығынан, бейқамдығынан шығып жатады. Адамдарды өрт қауіпсіздігін сақтауға шақырып, алдын алу жұмыстарын жүргізсек те мән бере бермейтіні өкінішті. Содан кейін қайғылы жағдайлар орын алып жатады, – дейді бейбіт күннің батыры. Кез келген жағдайға сақадай сай болуың керек Бауыржан өрт сөндіруге маманданған жан. Оның сөзінше өрттің ошағын анықтау әрбір өрт сөндірушінің кәсіби біліктілігіне байланысты дейді.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin