• 24 ноября, 2024 10:33 дп

Әскери маманды даярлау – Отан Қорғау мен Тәуелсіздігіміздің бейнесі

Автор:admin

Окт 22, 2024

Шымкент қаласында заң мен тәртіп бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Бұл бағытта Шымкент қаласы әкімдігі мен заң органдары арасында ынтымақтастық орнатылып, түрлі іс-шаралар мен халықты құлақтандыру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Маман даярлау ісінде маңызды істерге ұйытқы болуда қай заманда да Отан қорғау ісі бірінші кезекте тұрған. Отаннан артық құндылық та жоқ. Осы Отан қорғау ісіне үлестерін қосып келе жатқан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери полициясы бас басқармасына қарасты Шымкент қаласының Әскери полиция мамандарын дайындау орталығының басшысының орынбасары, подполковник Дәулет Қайыржанұлын  әңгімеге тартқанымызда ол Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы өтпелі кезеңде кәсіби маманның аздығынан біраз қиыншылықтардың болғанын, мұндай жағдай әскерімізге де әсерін тигізгенін атады. – Сондай қилы кезеңдерде Қарулы Күштерде құқық тәртібін сақтау үшін арнайы әскери бөлімше құру идеясы туындады. Бұған тікелей ұйытқы болған Президент Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы еді. 1997 жылы 22 сәуірде «Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының жүйесін әрі қарай реформалау жөніндегі шаралар туралы» өкімі шығып, Қарулы Күштердің әскери полиция органдарын құруды тапсырды. Қорғаныс министрлігінің жан-жақты қолдауының арқасында сол жылдары әскери полицияның мықты іргетасы қаланды. Осы арада мына бір нәрсені де еске сала кетсем деймін. Әскери полиция әлемде 40-тан астам елде жасақталған. Олардың қатарында АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания, Қытай және ТМД мемлекеттерінің біразында жүйелі жұмыс істеп келеді. Ең бастысы, 2005 жылғы 21 ақпанда «Әскери полиция органдары туралы» Заң қабылданды. Бұл құжат әскери полиция органдарының құқықтық негіздерін, қағидаттарын, міндеттерін айқындап берді. Сонымен қатар, «Адалдық, бастамашылық, көмек» ұранымен тәулік бойы қалтсыз қызмет атқару ісі де сол құжатта нақтыланды. – Дәулет Қайыржанұлы, заңға сәйкес әскери полицияның атқаратын міндет-мақсаттарын таратып айта кетсеңіз. – Бастыларына тоқталар болсам, құқыққа қайшы қолсұғушылықтан әскери қызметшілердің және басқа да азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау; гарнизондарда құқық тәртібін қамтамасыз ету, әскери қылмыс және құқық бұзушылықты анықтау, дер кезінде ашу және жолын кесу; әскери бөлімді өз еркімен тастап кеткендерді болдырмау, тергеу органдарынан, соттан жасырынып жүрген әскери қызметшілерді іздеу; әскери көлік құралдарының жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әскери қызметшілерді әскери полицияның гауптвахталарында ұстау – осылай жалғасып кете береді. Бұған қарап, әскери полиция араласпайтын қызмет саласы жоқ деуге болады. Ел Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы әскери-саяси жағдайды ескере отырып, мықты жауынгерлік әзірлікті сақтау туралы талаптары аясында қазіргі уақытта әскери полицияның күнделікті іс-әрекеті екі негізгі бөлікті құрайды. Оның біріншісі – құқық қорғау, екіншісі – әскер құрамы болып есептеледі. Құқық қорғау құрамына келетін болсақ, алда айтқанымыздай, бұл құқық бұзушылықтың алдын алу, шетел делегацияларына және әскери лектерге ілесіп жүру, гарнизондарды патрульдеу, мемлекеттік және халықаралық көлемдегі іс-шаралар, оқу-жаттығулар кезінде құқық тәртібін қамтамасыз ету, тағы басқалар. Әскер құрамы – бұл жол коменданттық қызметті ұйымдастыру, маңызды объектілерді күзету, әскерлердің жауынгерлік іс-қимылдары кезінде құқық тәртібін қатаң сақтау және басқа да қызметтерді атқару. Әскери полиция жауынгерлері әскери полицияның абыройы мен беделін түсірмеуге, қайта нығайтып тудай етіп биік көтеруі тиіс. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери полиция қызметкерлерінің қызметтік этика ережелері әзірленіп, бекітілді. Соның нәтижесінде қазіргі кезде әскери полиция Қарулы Күштер жүйесінде лайықты орынға ие болды. Қызмет атқарудағы басты мақсатын әр азамат сөзбен емес, табанды іспен жүргізу бұлжымас парыз. Әскери білімін жетілдіруге келген азаматтарды орталыққа қабылдау қалай жүргізіледі? – Біздің орталықта білімдерін жетілдіретіндердің жас шамасы 35-тен аспауы керек. Жоғары оқу орындарындағы әскери кафедраларда білім алған лейтенанттар, сол секілді Отан алдындағы борышын өтеп қайтқан азаматтар ғана оқиды. Әскери полицияның жергілікті жерлердегі бөлімдеріне керек кадрларды олар өздері таңдайды. Заң талабына сай өтініштерін берген соң, сынақтардан өткізеді. Ол бойынша үміткердің бойы 1,75 метрден кем болмауы, дене бітімі мығым, шымыр болуы тиіс. 100 метрге, одан соң 3 шақырымға жүгіру барысында мәреге белгіленген уақытта келуі қажет. Осы сыннан сүрінбей өткендердің құжаттары Қорғаныс министрлігінің Қарулы Күштері Әскери полициясы бас басқармасына жіберіледі. Содан кейінгі жерде білім алсақ дегендер біздің орталыққа келеді. – Сіздердегі қабылдау қалай жалғасын табады? – Біздің орталықта олар тест бойынша емтихан тапсырды. Әр азамат Отан қорғау ісіндегі адалдығымен қатар, ел тарихын жетік білуі, қасиетті Тәуелсіздігімізді жоғары бағалауы, оған әрқашан адалдық танытуы, Ата Заң талаптарын мүлтіксіз орындауы, қандай мемлекеттермен шекаралас екенімізді, яғни Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне тікесінен тік тұрып жауап беретіндей болуы тиіс. Осыған жауап бергендер біздің орталықта оқуына мүмкіндік туады. Шынында, әскери қызмет, яғни мемлекеттің саптағы сарбазы болу оңай шаруа емес. Біз талапкерлерді қабылдаған кезде оларды психологиялық жағынан да жан-жақты қадағалаймыз. Жетік мамандар әр талапкермен әңгіме өткізеді. Әскери полицияға келген адам тәуліктің 24 сағатында көз ілмей жүретін уақыт тезіне төзуі қажет. Аяқ астынан дабыл болғанда жедел жиналып, тиісті орнында табылуы керек. – Осы уақытқа дейін сіздердің орталықтарыңызда қанша адам әзірліктен өтті? Қайта даярлау жағы да қарастырылған болар? –1500-ден аса азамат жан-жақты білім алды. Қайта даярлау да үздіксіз жалғасын табуда. Мәселен, әскери қызметшілер бір бөлімнен екінші бөлімге ауысқанда, мамандықтары өзгереді. Сол кезде олар біздің орталыққа келіп, жаңа мамандығына сай білімдерін жетілдіреді. Осы арада мына бір мәселені ашып айта кетейін. Бізге келген талапкерлер үш ай мерзімге жіберіледі. Екі ай ішінде теориялық тұрғыда оқып, мамандығын терең меңгеруге жол ашылады. Ал қалған бір айында өзін жіберген жергілікті жердегі әскери полиция мекемесіне барып практикадан өтеді. Практика мен теорияны жетік ұштастырғандарға біз мінездемемізді беріп, мамандығына сай қызмет ететінін алға тартамыз. Ең бастысы, орталықтан білім алып шыққандардың бәрі жұмысқа орналасады. Білім жетілдіруге келгендерге сабақ жүргізу тәсілі қалай атқарылады? – Барлық жағдай қарастырылған. Оқу сыныптары оқулықтармен, әдістемелік құралдармен, интерактивті тақталармен толық жабдықталған. Мол кітап қоры жинақталған кітапхана, спорт залы, тәрбие бөлмесі жұмыс істейді. Оқытушылар құрамына келер болсақ, оқу бөлімінің бастығы, подполковник Бауыржан Сәлімбаев, полковник Серікхан Іргебаев, подполковник Беріктас Жүнісов, майорлар Әлен Пардабаев, Нұрлан Жораев, Досбол Қозжанов секілді тәжірибелі де білікті әскери маман иелері сабақ береді. – Сіздерде оқу қай тілде жүргізіледі? Өзге мемлекеттермен қарым-қатынас жағы қалай? – Қазір екі тілде, яғни қазақ, орыс тілдерінде оқытылып келеді. Президентіміздің тапсырмасына орай алдағы уақытта ағылшын тілінде оқытуды қолға кешіктірмей аламыз. Соған қазір әзірлік жұмыстары жүргізілу үстінде. Тілді жетік білетін мамандар, оқу-әдістемелік құралдар жинақталуда. Ал өзге елдермен қарым-қатынас дегенге келер болсақ, алыс-жақын елдермен байланысымыз жақсы. Жиі дөңгелек үстелде бас қосып, алдағы міндет-мақсаттарды талқылап отырамыз. Ежелгі көршіміз Ресей мемлекеті өзінің әскери полициясын 2013 жылы құрған еді. Ал біздің әскери полициямыздың жұмыс істей бастағанына 30 жылға таяды. Осы жылдар ішінде жинақтаған тәжірибемізді өзге елдер әсіресе, ресейлік әскерилер жылда келіп оң істерімізді үйреніп қана қоймай, өздерінің күнделікті жұмысында қолданып отыр. Заман талабы, уақыт өлшемі ескі сүрлеуде қала беруді қаламайтыны анық. Біз Жаңа Қазақстанды құру бағытында тұжырымдамасын негізге ала отырып, қазір соны талқылау үстіндеміз. Бұл алдағы уақытта өзінің нәтижесін береді деген сенімдемін.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin