• 19 апреля, 2025 10:58 пп

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ БАРЛЫҚ LED ЭКРАНДАРЫНДА КҮНІНЕ 300 РЕТ «ТОҚТА, ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚ!» ТАҚЫРЫБЫНДА БЕЙНЕРОЛИКТЕР КӨРСЕТІЛУДЕ

Автор:admin

Ноя 2, 2024

Цифрлық технологиялардың дамуы қылмыстық әрекеттердің де күрделене түсуіне әсер етіп, интернет алаяқтары азаматтардың қаражаттарын жымқыру үшін жаңа амалдарды қолданып келеді. Қазірдің өзінде алаяқтар қылмыстық жолмен табылған қаражаттарды ел тұрғындарының банктік карталарына аударып, оны банкоматтардан шештіру, кейін электронды ақшаға айналдыру тәсілдерін қолдануда. Ал соңғы уақытта олар қаражатты тікелей халықаралық криптовалюта биржаларына (Binance, Bybit, OKX) аудартып, осы қаражатты шетелдік шоттарға шығарып алуға көшуі жиіледі. Алаяқтардың әрекетін тоқтату және алдын алу мақсатында құқық қорғау органдары белсенді жұмыс атқаруда. Мәселен, аудандық құрылымдарға күнделікті алдын алу шараларын жүргізу тапсырылып, олардың нәтижесі қатаң бақылауға алынған. Сонымен қатар, 2024 жылдың 22 қазанынан бастап, «Шымкент реклама» ЖШС-мен бірлесіп, қаланың барлық LED экрандарында күніне 300 рет «Тоқта, интернет-алаяқтық!» тақырыбында бейнероликтер көрсетілуде.

Әлеуметтік желілерде де ауқымды ақпараттық жұмыстар жүргізілуде: 600-ден астам ескерту суреті, 100-ден астам бейнеролик және 300-ден астам парақша жарияланды. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында 369 мақала жарық көріп, оның 12-сі республикалық басылымдарда жарияланған. Дегенмен, интернет алаяқтары заман талабына сай әрекет етуді жалғастырып, азаматтардың ақшасын жымқырудың жаңа әдістерін ойлап табуда.

Құқық қорғау органдары алаяқтықтан сақтануға шақырады және азаматтарға күмәнді ұсыныстарға сақ болуды ескертеді! 2024 жылдың алғашқы 10 айының қорытындысы бойынша қалада 686 интернет-алаяқтық қылмыс тіркеліп, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 146 іске азайған (2023 ж. – 786). Аяқталған істердің саны 210 болса, мерзімі үзілген істер саны 496-ны құрады (2023 ж. – 565). Қылмыстың ашылу пайызы – 29,7% (2023 ж. – 30,3%). Бұл көрсеткіштер интернет-алаяқтық деңгейінің төмендегенін көрсетеді, дегенмен ашылу пайызы өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда айтарлықтай өзгерген жоқ. 2024 жылдың 10 айында интернет-алаяқтық әрекеттер нәтижесінде жалпы 1 миллиард 158 миллион 764 мың 171 теңге көлемінде экономикалық шығын келтірілген, оның ішінде 215 миллион 075 мың 583 теңге мемлекетке қайтарылды. Бұл бағытта қылмыстарды ашу және залалды өтеу мақсатында шаралар жалғасып, күш-жігер қосымша жұмсалуда. Интернет-алаяқтыққа қарсы күресті жетілдіру және осы бағыттағы жұмыстарды күшейту үшін 2023 жылдың 6 маусымынан бастап «Киберпол» тобы құрылып, оның құрамына 11 тергеуші, 13 жедел уәкіл және 1 криминалист енгізілді. Топ мүшелері арнайы техникалық құралдармен (Айрис, Аргус, Скриптур, Блур, Кросс) қамтамасыз етілген, бұл құралдар қылмысты талдауды жеделдетіп, дәлдікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin