• 23 ноября, 2024 11:08 дп

Шымкент қаласындағы құқықтық қамтамасыз ету бағыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар (Сұхбат)

Автор:admin

Ноя 17, 2024

     Шымкент қаласындағы құқықтық қамтамасыз ету, заң бұзушылықтың алдын алу бойынша ақпарат беруді жалғастырамыз. Бүгінгі сұхбатымызда Шымкент қаласы Еңбекші ауданының прокуроры Талғат Мықтыбек жасөспірімдер арасындағы заң бұзушылық және оның алдын алу барысы туралы айтып берді.

— Еңбекші ауданында жалпы қылмыс оқиғаларының саны, мұның ішінде жасөспірімдер мен оларға қарсы жасалған қылмыстардың статистикасы қандай?

— Биылғы қаңтар-наурыз айлары аралығында Еңбекші ауданында барлығы 707 (1053) қылмыс тіркелді. Бұл өткен жылдың осы үш айындағы көрсеткішпен салыстырғанда 33%-ға аз. Былтыр 1053 қылмыс тіркелген еді. Биылғы тіркелген қылмыстардың 4-ін жасөспірімдер жасаған. Бірақ бұл көрсеткіш те өткен жылдың осы кезенімен салыстырғанда 20 пайызға төмен. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарға қарсы 8 қылмыс жасалып, былтырғы 3 айдағы көрсеткіштен 66 пайызға төмендеген. Былтыр кәмелет жасына толмағандарға қарсы 24 қылмыс тіркелген еді.

— Жасөспірімдермен және оларға қарсы қылмыстың қаңдай түрлері жиі тіркеледі және мұның себебі неде?

— Негізінде жасөспірімдер арасында орта дәрежедегі қылмыстар жасалады. Оның басым бөлігі, яғни 50% пайызы ұрлыққа қатысты болады Ал ұрлықтың көпшілігі ұялы телефондарды қолды қылуға байланысты боп жатады. Ең алаңдататын мәселе — кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қатысты қылмыстар боп отыр. Өткен жылдың 3 айында осы санаттағы 9 қылмыс жасалса, биыл 3 қылмыс тіркелді Көбіне қалыптасқан жағдайға осы бағытта ата-аналар тарапынан жүйелі бақылаудың болмауы және бала қолайсыз отбасында өсіп, тиісті тәрбие алмауы себеп болады.

— Енді осы қылмыстардың алдын алу үшін прокуратура қандай шаралар қолданып жатыр?

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпаққа жол ашып, қажет жағдайдың барлығын жасау керек екенін айтып, Осы тұрғыда кәмелетке толмағандардың және олар жасаған қылмыстардың алдын алу мәселесі ішкі істер, әділет, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да уәкілетті органдардың міндеті болып айқындалды. Олардың өзара іс-қимылын ұйымдастыру және жұмысын күшейту прокуратураның қадағалау қызметінің маңызды бағыттарының біріне жатады. Жалпы елімізде балалардың құқығын қорғаудың заңнамалық базасы құрылған, жыныстық тиіспеушілікке қатысты қылмыстар үшін жауапкершілік пен жаза күшейтілген, балаларды қорғауға бағытталған маңызды іс шаралар асырылып жатыр. Мәселен, Шымкент қаласының прокуроры мен қалалық уәкілетті органдардың басшылары балалар саудасына қарсы меморандумға қол қойды. Осы Меморандумға сәйкес, уәкілетті мемлекеттік органдар жаңа туған, перзентханада қалдырған балалар, балалар үйіндегі және кәмелетке толмағандарды оңалту орталықтағы балаларды тіркеу, есепке қою, хабарландыру және ақпараттандыру жұмыстарын ретке келтіріп, әр баланың есебі жүргізіліп жатыр. Меморандумның басты мақсаты — балалар саудасы фактілерін жолын кесу тұрғысында тәжірибе және әдістер мен тәсілдер бойынша ақпараттық алмасу, құқықтық көмек көрсету. Демек осы құжат арқылы бала саудасына тағы бір тосқауыл қойылды. Бұдан бөлек, қала прокурорының өкімімен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша 63 мобильді топ құрылған. Оның 13-і Еңбекші ауданында жұмыс істейді. Прокуратура қызметкерлері жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдардың қызметкерлерімен бірлесіп жүйелі түрде мектептерде, отбасы арасында түсіндірме жұмыстарын және көшеде түнгі рейдтер жүргізіп, профилактикалық жұмыстар атқарып жатыр. Мысалы, ақпан айында аудан прокуратурасының қызметкерлері мобилдік топ мүшелерімен бірге жайсыз отбасыларды аралап тексеру барысында анасы өзінің таныстарымен алкогольдік ішімдік ішіп жатқаны, ал жасөспірім бала қараусыз жағдайда екенін анықтады. Жинақталған құжаттар бойынша қамқоршылық және қорғаншылық органымен әлгі азаматшаны аналық құқығын 6 айға шектеу туралы Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына талап-арыз берілді. Қазір қаралып жатыр. Сондықтан баланың қоғамдағы жүріс-тұрысы ең әуелі үйдегі тәрбиеден басталады. Үйімізде баламызға мұғалімді сыйлауды үйрете білу керек. Сонда бала жақсы тәрбие алады деп есептеймін. Дегенмен балаларының сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық мекемелерде, ал 23:00-ден кейін көшеде қадағалаусыз жүруіне жол бергені үшін биыл 300-ден астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

— Жоғарыда кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар үшін жауапкершілік пен жаза күшейтілген деп айтып кеттіңіз. Осы жөнінде нақтырақ толықтырсаңыз…

— Кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстары неғұрлым ауыр қылмыстарға жатады және заңда қатаң жаза көзделген.Кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық қылмыстар, біріншіден, оларға ауыр физикалық зиян келтіреді, екіншіден, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайды, үшіншіден, психикасының бұзылуына әкеп соғады. Кәмелетке толмағандарға — 18 жасқа толмаған адамдар жатады. Қолданыстағы қылмыстық заң бойынша 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсуге, тіпті оның келісімімен де тыйым салынған. Кәмелекте толмағандардың жыңыстық қол сұғылмаушылықты бұзғаны, сондай-ақ оларға қатысты кез келген азғындық әрекеттері үшін елімізде қылмыстық жауапкершілік көзделген. Қылмыстық кодекстің 122-бабы 16 жасқа толмаған адаммен жыңыстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасағаны үшін қылмыс жасаудың өзге де мән-жайларына қарай (мысалы, ата-анасы, өгей әкесі, мұғалімі, бірнеше рет, 2 немесе одан да көп адамға қатысты) 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. ҚК-тің 124-бабына сәйкес, көрінеу жас балаға күш қолдаңбай, азғындық әрекеттер жасағаны үшін жасалған қылмыстың мән-жайына қарай 7 жылдан-17 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Сондай-ақ кәмелетке толмаған адамды (яғни, 14 жасқа толған, бірақ 18 жасқа толмаған адамды) зорлағаны үшін ҚК-тің 120-бабының 3-1 және 3-2 бөліктерімен — 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруға, ал жасөспірімді (яғни, 14 жасқа толмаған адамды) зорлағаны үшін ҚК-тің 120-бабының 4 бөлігімен — 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұдан басқа, заң нормалары бойынша 14 жасқа толмаған адамға жасалған жыныстық қатынас, сондай-ақ зорлық-зомбылықсыз азғындық әрекеттер кез келген жағдайда аса ауыр қылмыс деп танылады. Өйткені мұндай адам жасына байланысты дәрменсіз күйде болған соң онымен жасалған әрекеттердің мәні мен маңызын түсіне алмайды.

— Осы санаттағы қылмыс жасағандарға химиялық кастрациялау қолданылған ба?

— Егер қылмыс жасаған адам сот-психиатриялық сараптамасымен «педофил» деп танылған жағдайда, оған химиялық кастрациялау түрінде мәжбүрлеп емдеу шарасы қолдануға жатады. Химиялық кастрациялау 2018 жылдың 1 қантарынан бастап қолданыста. Осы уақытқа дейін Шымкент қаласының сот шешімдері бойынша жалпы 4 адамға қолданылды.

Jsk ақпараттық агенттігі

2000 символ

 

Автор: admin