• 29 ноября, 2024 2:39 пп

ТҮРКІСТАНДА «ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН» ГАЗЕТІНІҢ АЛЛЕЯСЫ АШЫЛДЫ

Автор:admin

Ноя 29, 2024

Түркістан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің шыға бастағанына биыл 100 жыл толып отыр. Осыған орай облыс орталығындағы «Жібек жолы» саябағында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің аллеясы ашылды. Оған өңірдің зиялы қауым өкілдері мен газет редакциясының ұжымы қатысып, 100 жылдық мерейтойға орай 100 түп көшет отырғызды.

– Газет те адам сияқты. Алғашқы тәй-тәй басқан қадамына ел қуанады. Аяғына тік тұрған уақытта жан-жағына байыппен қарап, елдік мұрат жолында қызмет ете бастайды. Сол сияқты «Оңтүстік Қазақстан» газеті де қаншама жылдар бойы ауыр да қиын күндерді басынан өткерді. Газет шығаруға қаржы табылмай қалған кездердің өзінде оқырманынан ажыраған жоқ. Енді 100-ге келген шағында ұлттың рухани шежіресіне айналды десек артық айтқандығымыз емес. Бүгін «Оңтүстік Қазақстан» газеті аллеясның ашылғанына куә болып отырмыз. Бүгінгі егілген көшеттер жайқалып өсіп, елге сая болатын үлкен саябаққа айналсын деген тілектер айтылып жатыр. Жүзге келген абыз басылым үшін осыдан артық тілектің қажеті де жоқ, – дейді газеттің директор-бас редакторы Абай Балажан.

Аллеяның ашылуына еліміздің әр түкпірінен келген облыстық газеттің редакторлары атсалысты. Атап айтсақ, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстық газеттердің редакторлары түркістандық әріптестерімен бірігіп көшет отырғызды.

Айта кетейік, мазмұнды іс-шаралар легі ертең «Фараб» ғылыми әмбебап кітапханасында жалғасады. Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 100 жылдық мерейтойына орай салтанатты жиын өтеді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Автор: admin