• 21 ноября, 2024 12:20 пп

Мәселенің түр-түрі болады. Жанды мәселе, жансыз мәселе дегендей. Бүгінгі біздердің бас қосып, сөз еткелі отырған тақырыбымыз ең жанды мәселе. Бұл мәселенің артында да, алдында да Адам тағдыры тұр. Қазақстанның барлық өңірлеріндегі ономастика мәселелері қандай? Ономастиканы ғылыми дамытудың жолдары бар ма? Жер-су атауларының қалыптасуының физикалық-географиялық негіздері неде? Ономастика жұмыстарының алғышарттары қандай басымдықтарға негізделуі тиіс? Тәуелсіздік алғаннан кейін қызыл империяның қып-қызыл бояуымен аты өзгерген қазақтың жер-су атауларын қайтадан бұрынғы қазақы қалпына келтіру, тарихи-географиялық атауымен қайта атау — басты мәселелердің біріне айналды. Кеңес дәуіріндегі жергілікті ұлтты тамырынан ажыратуға бағытталған мәңгүрттендіру идеологиясы тау-тасты, жер-суды түгел өзгертіп, ұлтымызды төл тарихынан айыруға тырысты. Араб, жоңғар-қалмақ, орыс килікпелерінің билеп-төстеген тұстарында талай жер-суымыздың аты өзгерді. Қазір — Тәуелсіз елміз. Барлық мәселені өзіміз байыппен шешетін жағдайға жеттік. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында, Ақтөбе, Қызылорда, Алматы, Жамбыл ілгері басқанымен, Шығыс, Солтүстік, Батыс және Арқа өңірлерінде жер-су атаулары әлі де сол бұрынғысынша қалып келеді. «Әсіресе, Қарағанды, Павлодар қалаларында, ономастикалық тұрғыдан қарағанда қоғам да, саясат та өзгермегендей, қып-қызыл, әлі Ильичтің рухында тұр. Өскемен, Қостанай, Петропавл жағында әлі де жағдай жетісіп тұрған жоқ. Жетістік бар ма? Бар. Ең бірінші жетістік ҚР «Ономастика туралы» Заңы қабылданды. Өздеріңізге белгілі, елімізде бұл тарапта мораторий жарияланды. Бір есептен бұл жақсы болды деп ойлаймын. Бұл шара бізді «Көкемнің атын көшеге, атамның атын ауылға қою» деген сорақылықтан құтқарды. Алайда, бір нәрсені айта кету керек. Соңғы кездері кейбір азаматтарға берілетін астарға қатысып жүрміз, сіздер де ондай жиындарға қатысқан боларсыздар. Сонда бір байқалатын жағдай: келсін, келмесін дүниеден өткен жандарға дереу көше, мектеп атын беріп, есімін есте қалдыру шарасын жасау жиіледі. Бұл тағы да баяғы дау-дамайға қайта жол ашуы мүмкін. Республикалық Ономастика комиссиясына еліміздің бірқатар аймақтарынан әртүрлі ұсыныстар түсіп, соның бәрі егжей-тегжейлі талқыланып, шешім шығарылады. Келген ұсыныстардың бәрі бірдей өткізілмейді. Мысалы, бір облыстық тубдиспансерге кісі атын беру мәселесі кері қайтарылды. Бірқатар елді мекендер мен мектептерге кісі атын беру ұсыныстары да нақтылауға жіберілді. Бұл нені көрсетеді? Комиссия ҚР «Ономастика туралы» Заңы талаптарына сай жұмыс істей бастады дегенді көрсетеді. Комиссия қарауына ұсынылған ұсыныстар барынша қатаң сұраныспен жұмыс істейді деген сөз. Сондықтан, республикаға ұсыныс берер кезде әр аймақтың жауапты мамандары мықтап ойланып, барлық мәселені таразыға салып, елеп-екшеп ұсынғандары жақсы болады. Осы ретте еліміздегі ономастика мәселелеріне айрықша маңыз беріп қараудың не үшін қажет екендігіне тоқтала кетейін. Бізде қанша Абай, қанша Жамбыл, қанша Қабанбай, қанша Бөгенбай бар? Осы мәселеге тиісті мониторинг жүргізіп, бәрін анықтау керек. Бұл бір.

Jsk ақпарат

Автор: admin