Туған өлкеміздегі жер-су, елді мекен атауларының отаршылдық-тоталитарлық дәуірлерде қандай өзгерістерге түскені бізге тарихтан белгілі. Біз, бүгін, осы жер-су (топонимикалық) атауларының шығу тарихына тереңірек үңілсек, онда үлкен сыр жатқанын білеміз. Ендеше, ескі атауларды қалпына келтіру тарихи әділеттілікті орнату деген сөз. Міне, сондықтан да, Оңтүстікте ономастика мәселесіне үлкен мән беріледі. Біздің облыста байырғы жер-су атауларын қайтару жұмысына аса маңызды әлеуметтік мәселе деп қарайды. Тәуелсіздігімізге тәубе дей отырып, облыс аумағындағы отаршылдық пен тоталитарлық дәуірлерден қалған атаулардан біртіндеп арылып келеміз. Республика бойынша бүгінгі таңда бір мыңнан астам елді мекеннің атауы өзгертілсе, соның 404-і біздің облысқа тиесілі. Бұндай көрсеткішке зиялы қауым мен түрлі қоғамдық бірлестіктердің және жергілікті ономастика комиссиялары тарапынан ұзақ жылдар бойы тынымсыз жүргізілген жүйелі жұмыс нәтижесінде қол жеткіздік. Ономастика саласының барлық жетістіктері мен кемшіліктерін әйгілейтін құжат – ол Қазақстанның және облыстардың әкімшілік-аумақтық карталары. Бұрын Кеңес Одағы тұсында Қазақстанның әкімшілік-аумақтық картасы Ресейдің картасына ұқсайтын, себебі жер-су, елді мекен атауларының басым бөлігі өзге тілде болатын. Еліміздің картасы да өзге тілде жасалатын. Енді Қазақстанның картасын қазақ тілінде жасайтын уақыт келді. Ол үшін, байырғы жер-су атауларымызды қайтару бүгінгі күннің басты міндеті! Еліміз егемендік алғалы Қазақстанның картасы да едәуір өзгеріп, қазақшаланып келеді. Дегенмен, еліміздің солтүстік, шығыс, орталық облыстарында орысша атаулар әлі де сіресіп тұрғаны картадан байқалады. Ұлттық мүддеге нұқсан келетін, я болмаса аяқасты етілетін жағдайда шешім қабылдауға ешуақытта асықпау керек. Сағыздай созып, сөзбұйдаға салып, оны келесі буынның үлесіне қалдырып кету керек деген екен.” Біз бәріміз осы сөзден міндетті түрде қорытынды шығаруымыз керек. Өйткені, бұл ұлт үшін, болашақ ұрпақ үшін аса қажет дүние! Оңтүстік Қазақстан облысында 873 елді мекеннің 404-ін (7 аудан, 2 қала, 85 ауылдық және кенттік округ, 310 ауыл ) өзгерткеннің өзінде әлі 33 ауылдың атауы тәуелсіз заман талабына сай болмай отыр. Өздеріңізге белгілі, былтырғы жылы еліміздегі халық санағына байланысты 2008 жылдың 1 шілдесінен бастап елді мекен, көше атауларын қайта атау Үкіметтің қаулысымен уақытша тоқтатылды. Халық санағынан кейін Мемлекеттік хатшының хатына сәйкес, объектілер атауын өзгертуге үстіміздегі жылдың 1 наурызына дейін мораторий жарияланды. Сол себепті облыстағы 33 ауылдың атауы өзгертілмей қалды. Шындығын айтсақ, облыстық ономастика комиссиясына байырғы жер-су атауларын қайтару туралы ұсыныстар келсе қуана қолдаймыз. Сол арқылы еліміздің ұлттық келбетін қалыптастыруға үлес қосатынымызды білеміз. Ұлттық атаулар тәуелсіз мемлекетіміздің бет-бейнесі болса, ал шекара маңындағы елді мекен атаулары Қазақстанның бет-пердесі іспетті. Сондықтан да, өзіміз түгілі өзгеге де қазақтың жері мен суын, қаласы мен даласын, тілі мен тарихын танытатын ұлттық атауларымызды қайтарып, тарихи-географиялық атауларымызды қалпына келтіруге білек сыбанып кірістік.
Jsk ақпарат