• 23 января, 2025 8:43 пп

АӘК – ҚОҒАМДЫ ҚОЛДАУ ЖӘНЕ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ҚҰРАЛЫ

Автор:admin

Янв 23, 2025

Атаулы әлеуметтік көмек — отбасылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында енгізілген маңызды механизм. Оның басты мақсаты – отбасылық табысы кедейшілік шегінен төмен болған азаматтарға уақытша қолдау көрсету және оларды жұмыспен қамтуға тарту арқылы тұрмыстық деңгейін көтеру.

Әлеуметтік көмектің бұл түрі тұрғындардың уақытша кедейшілік шегінен шығуына демеу болып, әрмен қарай жұмыспен қамту шараларына қатысуын көздейді.

Шымкент қаласында өткен жылы  АӘК-ке өтінім берген 12 926 жұмысқа жарамды азаматтың ішінде 7 738-і жүгінген кезде жұмыс істеп жүргендер. Нәтижелі жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 480 адам қатысқан, оның ішінде 308-і тұрақты жұмыс орындарына орналасқан, 48-і қоғамдық жұмыстарға, 18-і жастар практикасына, 17-сі әлеуметтік жұмыс орындарына тартылған. Сонымен қатар, 43 азамат кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға, 46-сы біліктілігін арттыру шараларына қатысқан.

Шымкенттік ана Сандуғаш Бегасылов мемлекеттік қолдаулардың игілігін көріп, оң нәтижеге қол жеткізіп отырған тұрғынның бірі. Кейіпкерімізге баласы 3 жасқа толғанға дейін атаулы әлеуметтік көмек шартсыз түрде тағайындалып келді. 2024 жылдың қазан айында әлеуметтік келісім-шартқа сәйкес, жұмыспен қамту шараларына қатысуы тиіс. С.Бегасылов қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолдама алып, «маникюр-шебері» мамандығын игерді.

–Қысқа мерзімді оқу кезінде бір ай теорияны оқып, екі ай практика негізінде тәжірибе жинадық. Мемлекеттен төленетін шәкіртақыға маникюрге қажетті құралдарды сатып алдым. Оқуды аяқтай салысымен қаладағы сұлулық салондардың біріне тұрақты жұмысқа орналастым. Жалпы, қаншама жылдан бері мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп келемін. Оқуды аяқтаған сәтімде «Қоғамдық жұмыс» бағдарламасы арқылы бірнеше жыл жұмыс істедім. Тұрмысқа шығып, ана болғаннан кейін атаулы әлеуметтік көмек алдым, енді жаңа мамандық үйреніп, жаңа салада тәжірибе жинап жатырмын. Алдағы уақытта қайтарымсыз грантқа бизнес-жоба ұсынуды жоспарлап отырмын, — дейді ол.

Атаулы әлеуметтік көмек – бұл тек қаржылық қолдау ғана емес, сонымен қатар халықтың өз күшімен тұрмыстық жағдайын жақсартуға ұмтылысын ынталандыратын құрал. Осы бағдарламаның тиімді жүзеге асырылуы – қоғамның әл-ауқатын арттырудың және кедейшілікпен күресудің маңызды қадамы.

ҚР Әлеуметтік кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап АӘК тағайындау үшін азаматтардың шығыстары да ескеріледі. Жаңа тетікке сәйкес, азаматтар өздерінің шығындарын растап, банктік қарыздар мен жинақ салымдары бойынша ақпараттарды беруі тиіс.

Сонымен қатар, әлеуметтік көмек тағайындау жүйесін цифрландыру мақсатында FSM Social мобильді қосымшасы әзірленді. Әлеуметтік жөніндегі комиссия өтінім берген тұрғындардың үй-жағдайын зерттеген сәтте мобильді қосымшаға оның географиялық орны, шешім қабылдау процесі және басқа да маңызды ақпараттар тіркейді.

АӘК-тің басты мақсаты – азаматтарды белсенді өмірге тарту, олардың әлеуметтік жағдайын тұрақтандыру және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу. Әлеуметтік қолдаудың бұл түрі қоғамда әділеттілікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Автор: admin