Бүгін Астана қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарын іске асыру бойынша ҚХА қоғамдық құрылымдары мен этномәдени бірлестіктер жетекшілерінің, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі басшылығының және сарапшылардың қатысуымен арнайы жиын өтті.
Аталған жиынға ZOOM платформасы арқылы Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Айгерім Жұмағұлова, қалалық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Нұркен Әлімқұлов, қалалық ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің төрағалары қатысты.
ҚХА Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілхановтың төрағалығымен өткен жиында мерейтойлық жылдың негізгі жобалары мен іс-шаралары жан-жақты талқылады.
Марат Әзілхановтың айтуынша, Ассамблеяның 30 жылдығы аясында ел аумағында 400-ден астам ірі іс-шара ұйымдастыру жоспарланған. Одан бөлек, өңірлерде арнайы жоспарлар әзірленіп, бекітілген. 1 наурызда бастау алатын мерекелік іс-шараларды жыл соңына дейін жүйелі жалғастыру межеленген.
Жиынға бейнебайланыс арқылы Шымкент қаласынан қатысқан «Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов сөз алып, биыл өзбек этномәдени бірлестіктері тарапынан атқарылатын жұмыстар жайында баяндады.
Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында ұйымдастырылатын іс-шаралар мен жобалар еліміздегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті бекемдеуге және дәріптеуге бағытталған.