• 24 февраля, 2025 5:17 пп

ТҮРКІСТАН: ТҰРҒЫНДАРДАН ТҮСЕТІН ҚОҢЫРАУЛАР САНЫ 15 ПАЙЫЗҒА АРТҚАН

Автор:admin

Фев 24, 2025

 

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында халықпен тиімді кері байланыс орнату – әр мемлекеттік қызметшінің ең басты міндеті, сонымен қатар халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, оларды дер кезінде шеше білуі тиіс екендігін атап өткен болатын. Осыған орай өңірде 109 бірыңғай байланыс орталығы тәулік бойы тұрғындардан түсетін қоңырауларды қабылдайды.

2024 жылы 130 224 өтінім келіп түскен. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен апталық мәжіліс отырысында облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Марат Айнабеков баяндады.

Оның сөзінше, 71.4% өтінім кеңес беру, 28.5% өтінім оқиға ретінде тіркелген. Орталыққа түскен өтінімдердің 96%-ы қоңырау шалу арқылы және 4%-ы әлеуметтік желілер (Whatsaap, Instagram, Telegram, Facebook) арқылы жолданған. Бұл көрсеткіш 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,59 %-ға артқан. Ал биыл жыл басынан бері 11 358 қоңырау түсіп, қаңтар айы бойынша көрсеткіш 15%-ға артқан.

— Өткен жылы 130 224 қоңырау түсіп, 126 887 өтінім дер кезінде, 3337 өтінім мерзімі өтіп жабылды. Қазіргі таңда орталықтың қызметін насихаттау бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда облыс аумағында орналасқан аудан-қалалардың барлығында инфобаннерлер орналастырылып, әлеуметтік желілерде 109-дың қызметі жайлы посттар күнделікті жарыққа шығуда, — деді Марат Фаритұлы.

Жиналыс соңында 109 желісінің жұмысына жасанды интеллект мүмкіндіктерін (AI) қолдану жоспары таныстырылды. Бұл өз кезегінде өтініштердің сапалы орындалуын арттырады және мәселелердің тез әрі тиімді шешілуіне ықпал етпек.

Айта кетейік, мұнда азаматтар коммуналдық-тұрмыстық мәселелер, білім беру, әкімдік қызметтер бойынша сұрақ қойып, арыз-шағымдарын айта алады. Бұл тұрғыда байланыс орталығы — жергілікті билік пен халық арасындағы үздіксіз байланысты нығайтуға өз септігін тигізеді.

Автор: admin