Наурыз мерекесінде елімізде оқушылар бір мезгілде күй тартты. “Наурызнама” онкүндігі аясында барлық мектептерде
республикалық челлендж өтті. “КҮЙ КҮМБІРІ” республикалық домбырашылар челленджіне Шымкент қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы қатысты. Білім ордасының “Мұрагер” ансамбліндегі 120 оқушы бір мезетте
Құрманғазының “Балбырауын”, “Адай” күйлерін, Ә.Желдібаевтың “Ерке сылқым”,
Н.Тілендиевтің “Әл қисса” күйлерін орындады.
Шараның мақсаты — білім алушылардың рухани-адамгершілік мәдениетін, эстетикалық, патриоттық сезімдерін тәрбиелеу, елдің мәдени мұрасын сақтау, балалардың домбырада орындау өнерін насихаттау. Сонымен қатар, қазақ халқының музыкалық мәдениетіне білім алушылардың қызығушылығын ояту, орындаушылық дағдыларын қалыптастыру, қазақ халық аспаптары туралы білімдерін кеңейту, домбырада музыка орындаудың ұжымдық түрлерін жетілдіру.
Домбырашылар челленджі – бұл балалар, жастар, педагогтер мен ата-аналардың музыкалық шеберлігін танытатын және бүкіл елді домбыра үнімен біріктіретін ерекше шара. Оған барлық тілек білдіруші қатыса алады. 2023 жылдан бастап челлендж барлық білім беру ұйымдарында
ұйымдастырылып келеді және ол маңызды мәдени оқиғаға айналды. Челлендж
«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы мен «Наурызнама» іс-шаралар жоспары аясында ұйымдастырылады.
Айта кетейік, Наурыз мейрамын мерекелеу 14-23 наурыз аралығында еліміздің
барлық мектептерінде өтеді. Бұл күндері тақырыптық челлендждер,
экологиялық акциялар және ұлттық ойындар бойынша жарыстар
ұйымдастырылады.
“Шымкент келбеті”
ШЫМКЕНТТЕ 120 ОҚУШЫ ДОМБЫРАШЫЛАР ЧЕЛЛЕНДЖІНЕ ҚАТЫСТЫ
