• 24 ноября, 2024 2:54 дп

«ШЫМКЕНТ БАРЫСЫ – 2022» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ

Автор:admin

Июн 1, 2022

Спорттың адам өмірінде алатын орны ерекше. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, шыдамды, шымыр болады. Біздің ата- бабаларымыз «тәні саудың – жаны сау» немесе «бірінші байлық-денсаулық»,- деп бекер айтпаған.  «Салауатты өмір сүру дегеніміз – тазалық сақтап, дене тәрбиесі және спортпен шұғылдану». Бала тәрбиесіне қазақ халқы ерте кезден көңіл бөліп, баланың ақыл – ойының, дене бітімінің дұрыс қалыптасуына ерекше көңіл бөліп отырған. Осыған дәлел қазақтың спорттық ойындары. Жас кезінен бастап балаларға дұрыс тәрбие беріп, асық атып, атқа мініп, теңге іліп, бәйгеге шауып, күреске түсіп өскен балалар шымыр да шыныққан, епті де икемді болғанын білеміз. Қазіргі уақытты өткен кезеңмен салыстыра алмайсың. Себебі, уақыт өте көптеген өзгерістер өмірге енді. Тіпті, бала тәрбиесіне жаңаша көз қараспен қараймыз. Қазіргі таңдағы қоғамдағы жат қылықтар жастарға кері әсерін тигізуде. Жастар арасындағы темекі, ішімдікке еліктеушілік, тіпті нашақұмарлық та дендеп бара жатқандай. Қазіргі ғаламдық жаңару кезінде компьютерге тәуелділік мәселесі де қосылып отыр. Қызығушылықпен істеген әрекеттің соңы немен тынарын да түсінбей істеп, опық жеуі мүмкін. Демек, қазақ халқы «тәрбие басы – тал бесік»,- деп бекер айтпаса керек. Жат қылықтарға қарсы тәрбиені отбасы ошақ қасынан бастаған жөн. Шымкентте «Қала күніне» орай қазақша күрестен «Шымкент барысы» республикалық турнирінің іріктеу кезеңі басталды. Белдесуде 90 келіден астам салмақ дәрежесінде 26 балуан күш сынасады. Жарыс Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы орталық стадионның жеңіл атлетикалық аренасында өтуде. Турнирдің ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов балуандарға сәттілік тіледі.

–Ұлттық спорт түрлері ата-бабаларымыздан келе жатқан асыл мұрамыз. Біз оны көзіміздің қарашығындай сақтап, дамытуымыз керек. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз аз емес. Оның айғағы ретінде қазақ күресінен Әлемдік деңгейде биік тұғырлардан көрінген, Әлем Чемпионатының жеңімпазы, Әлем Барысының күміс жүлдегері, Евразия Барысының жеңімпазы — Ерсұлтан Мұзаппаров және Әлем Чемпионатының жеңімпазы, Азия Чемпионатының үш дүркін жеңімпазы — Әділжан Истабаевты айтып өтуге болады. Бүгінгі жарыс барысында балуандарға сәттілік тілеймін, -деді қала әкімі М.Әйтенов.  Жарысқа Әлем және Азия Чемпионатының жүлдегерлері, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, спорт шеберіне үміткерлер қатысып жатыр. Айтулы спорт додасын Б.Нарымбетов бастаған қала мәслихатының депутаттары, Майра Мұхамедқызы,  Мұхтархан Ділдәбеков тамашалауда. Қазіргі таңда қаланың 4 спорт мектебінде қазақ күресімен 466 спортшы кәсіби түрде шұғылдануда.  Бүгінгі «Шымкент барысында» 1-2 орын алған балуандар шілде айында ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Қазақстан барысы» республикалық жарысында Шымкенттің намысын қорғауға жолдама алады.

Jsk ақпарат

Автор: admin