• 22 ноября, 2024 4:33 дп

ШЫМКЕНТ ТУРИЗМІ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП ЖАТҚАН ШАҺАР!

Автор:admin

Июн 6, 2022

Шымкент  — Қазақстанның көз тартатын көрікті  шаһарларының бірі.  Тамылжыған табиғатының өзіндік ерекшелігі мен сұлулығы бар, тарихы бай, шежіреге толы   өңірде туризм саласындағы  жұмыстар жанданып, қарқын ала түскен. Сәні мен сәулеті келіскен  замануи қонақ үй кешендері  көптеп бой көтерген. Аталған аймақта туризмді дамыту мақсатында бірнеше бағыт- бағдар қолға алынып отыр.  Соның ішінде мәдени туризмді дамытуға ден қойылған.  Шымкент 2020 жылы «ТМД елдерінің мәдени астанасы»  болып атанды.

Экологиялық  туризмге де мұнда  басымдық беріліп отыр. «Қошқар-ата» өзені ерекше мәдени-тарихи маңызға ие, киелі мекен деп танылады. Соңғы жылдары саяхаттаушылар  жаратылыстың мұндай ғажап мекеніне көбірек қызығушылық танытып жатыр.  Қала халқы мен қонақтарына демалу үшін таптырмас көрікті орындардың бірі- дендросаябақ.   Аумағы 100 гектардан асатын   табиғи сәулетті  нысан  осыдан 40 жыл бұрын   ашылды. Ағаштың  мұнда 1200 түрі бар.

Шымкент-сан ғасырлы тарихқа бай қала.  Жергілікті және шетелдік демалушылар үшін бұл мегаполистің    тарихи және түрлі көне сәулет үлгілері  тартымды болып отыр.  Ибрагим ата кесенесі сияқты киелі жерлерге  құлшылық жасаушылар көп. Ол  Сайрам  тұрғын алабында  орналасқан. Ал мынау  көне сәулет үлгілерінің бірі  — Хызыр мұнарасы деп аталады.

Шымкент қаласында Орталық Азиядағы туристік ақпараттық орталықтың І слеті басталды. Бұл шара Шымкент қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасының «Visit Shymkent» орталығының ұйымдастыруымен өткізіліп отыр. Оған еліміздің 6 өңірінің визит орталықтарының өкілдері мен Өзбекстан Республикасынан арнайы келген делегация қатысты. Сондай-ақ, Қырғызстан, Тәжікстан және Әзірбайжаннан осы саланың мамандары онлайн режимде қатысып, өз ойларын ортаға салды.

–Шымкент – Қазақстанның оңтүстігіндегі ең ірі қала. Мұнда жылына 300 күн аспан ашық болып, күн күлімдеп тұрады. Қалаға жақын орналасқан табиғи демалыс аймақтар мен киелі орындары да жеткілікті. Сондықтан оңтүстік өңірдің экологиялық жәнее сакралды туризмі Шымкенттен бастау алады деуге болады. Біз үшін осы әлеуетті тиімді пайдаланып, туризмді қала экономикасының жетекші саласына айналдыру өте маңызды. Міне, осы тұрғыдан алғанда өзге өңірлермен және көршілес елдермен ынтымақтастық орнатып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін бүгінгі шараның маңызы зор, – деді слеттің ашылуында сөз сөйлеген Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов.

Айта кетейік, екі күн бойы жалғасатын слеттің соңында «Visit Shymkent» орталығы бірнеше туристік ұйымдармен ынтымақтастық жөнінде екіжақты келісімдерге қол қоюды жоспарлап отыр.

 

Jsk ақпарат

Автор: admin