Өйткені ол тікелей ел болашағы мен сындарлы саяси шешімдердің қабылдануына әсер ететін факторға айналды. Мұны Президент өз Жолдауында айтып, сайлаудың мақсаты мен міндетін, бұған қоса өткізу уақыты мен жүйесін айқындап берген еді. Осы мақсатта Түркістан облысы Президент Жолдауын іске асыру мақсатында егжей-тегжейлі сайлау үйесін жүйелендіру үшін шаралар қабылдауда. Мемлекет басшысы елде аралас сайлау жүйесін енгізуді құп көріп, пропорционалды және мажоритарлық сайлау жүйесін бірге қолдануды ұсынды. Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанның конституциялық реформасы аясында Мәжіліс және мәслихат депутаттары пропорционалды үлгімен сайланып келді. Бұл өз кезегінде елдегі партиялық жүйені ғана дамытуға үлес қосты. Осыны ескерген Мемлекет басшысы аралас сайлау жүйесіндегі Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы – пропорционалдық, 30 пайызы – мажоритарлық тәсілмен жасақталатынын айтты. Нәтижесінде, жергілікті жерлерде бәсекеге қабілетті саяси орта қалыптасып, елдің алдында беделді, жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашылмақ. «Партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын болды. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде барлық азаматтың құқығы толық ескеріледі», деген еді Президент Қ.Тоқаев. Мәжіліс және мәслихат депутаттары осы Президент ұсынған аралас сайлау жүйесімен сайланып, халық өз таңдауын жасайды. Жаңа және Әділетті Қазақстанның бұл сайлауын отандық сарапшылар «саяси бетбұрыстың бастау алған кезеңі» деп атап, «саяси трансформацияның айқын көрінісі» деп бағалады. «Ал саяси реформалар елдегі сайлау мәдениетінің түрленуі мен азаматтық белсенділіктің артуына жол ашады», деген пікірде саясаттанушылар. Сондай-ақ олар бұл науқанды «мемлекеттік институттарды жаңғыртудың түпкілікті кезеңі» деп те атады. Кешенді түрде жүргізілген саяси реформалар өкілді билік тармақтарының барлық деңгейіне ықпал етіп, жаңаруына мүмкіндік берді. Мұндай пікірлерді саясаттанушылар Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған «Саяси реформалар: жаңа саяси модельге көшу» атты сарапшылар талқылауында айтты. Іс-шарада Президент қабылдаған саяси реформаларды жүзеге асыру аясындағы сайлаудың маңызы мен Қазақстанның саяси реструктуризациясы кеңінен сөз болды. Жиынға қатысқан сарапшыларға арнайы сауал қойып, ой-пікірлерін білген едік.
– Мемлекет басшысы қабылдаған саяси реформаларды жүзеге асырудың басты аспектілері қандай?
Алуа ЖОЛДЫБАЛИНА,
Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары:
– Біріншіден, саяси партияларды тіркеудің тың ережелері жаңа партиялардың пайда болуына бәсекелестік орта қалыптастырды. Ал қазірдің өзінде заңнамалық жаңалықтарға сәйкес екі жаңа партия пайда болды.
Екіншіден, осы сайлау циклі аясында азаматтардың сайлану құқықтары жүзеге асырылды. Бұл ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізудің арқасында мүмкін болды. Сондай-ақ аралас сайлау жүйесіне көшудің арқасында әрбір азамат Парламент пен мәслихат сайлауына қатысу құқығына ие болды.
Үшіншіден, бұл саяси институттарды жаңғырту. Бұл жерде сөз тек сандық өзгерістер туралы емес, сонымен қатар Парламент пен жергілікті мәслихаттардың құрамы мен жұмысындағы елеулі өзгерістер туралы болып отыр. Маңызды жаңашылдық – депутаттық мандатты кері қайтарып алу институты. Сөзсіз бұл заң шығарушы органның жұмысына әсер етеді.
– Қазіргі сайлау билік пен қоғам арасында жаңа қоғамдық келісім құра ала ма?
Талғат ҚАЛИЕВ,
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры:
– Сайлауға саяси күштердің барлығы қатысып жатыр, оның ішінде жаңасы да бар, тәжірибесі молы да бар. Сондай-ақ сындарлы пікір алмасу да бар. Саяси үдерістердің эволюциялық принципі және бұл үдерістердің динамикасы мен тұрақтылығы сақталып отыр. Әлеуметтік желілердегі пікірталастар сайлауда жоғары белсенділікке түрткі болатынын көрсетеді. Бұл электораттың жоғары көрсеткішіне себеп болады деген үміт бар. Сонымен бірге бізге дауыс беру мен сайлау мәдениетін сіңіруді үйрену керек. Кейбір сайлаушылар үшін бұл алғашқы дауыс беру тәжірибесі болады. Жастардың көбі мажоритарлық жүйе қолданылған кезде дүниеге келді. Сондықтан бұл ретте айналамызға сайлаудың қалай жұмыс істейтіні және оның нәтижесі еліміздің болашағы үшін қалай әсер ететіні туралы айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды.
Jsk ақпараттық агенттігі