• 25 июня, 2025 8:13 пп

ҚАЛА ӘКІМІ «ХИМФАРМ» АҚ ЖАҢА БРЕНДІНІҢ ЖӘНЕ ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚТЫҢ GMP СЕРТИФИКАТЫНЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫНА ҚАТЫСТЫ

Автор:admin

Июн 25, 2025

 

Шымкентте «Химфарм» АҚ жаңа корпоративтік брендінің (Polpharma SANTO сауда маркасы) таныстырылымы өтті. Іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов және Polpharma тобының Бақылау кеңесінің төрағасы Ежи Старак қатысты.

Орталық Азиядағы тұңғыш Еуропалық одақтың тиісті өндірістік практика сертификатын (GMP) ұсыну басты оқиға болды. Бұл құжат кәсіпорынның өндірістік процестерінің халықаралық сапа стандарттарына толық сәйкестігін растайды және экспорт пен халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашады.

Іс-шара аясында болашақ мамандарды қолдауға ерекше көңіл бөлінді. Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының студенттеріне білім беру гранттары табыс етілді. Бұл — компанияның адами капиталды және саланы тұрақты дамытуға стратегиялық бағдарлануын көрсететін қадам.

Қала әкімі инвесторларға отандық фармацевтиканы дамытуға, озық технологияларды енгізуге және жұмыс орындарын құруға қосқан үлесі үшін алғыс айтты. Сондай-ақ жоғары технологиялық өндірістерді дамыту денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға, импортқа тәуелділікті төмендетуге және қаланың тұрақты, бәсекеге қабілетті экономикасын қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.

Айта кетейік, «Химфарм» АҚ-Қазақстандағы ең ірі дәрілік заттарды өндірушілердің бірі. Шымкенттегі кәсіпорында елімізде қолданылатын дәрілердің әрбір бесінші қаптамасы шығарылады. Компания 1300-ден астам жұмыс орнын қамтамасыз етеді, бейінді жоғары оқу орындарымен белсенді өзара іс-қимыл жасайды және білікті фармацевтикалық кадрларды даярлауға елеулі үлес қосады.

Автор: admin