• 21 июля, 2025 11:19 пп

СОЗАҚ АУДАНЫНДА 100-ГЕ ЖУЫҚ ПӘТЕРДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

Автор:admin

Июл 21, 2025

 

Бүгін Созақ ауданында БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур өтті. Тур аясында журналистер алдымен аудан орталығы Шолаққорған ауылында салынып жатқан 200 орындық «Спорттық-сауықтыру» кешенімен танысты. Екі қабатты ғимаратта волейбол және баскетбол алаңдары, күрес пен бокс залдары, бассейн және футбол алаңы орналаспақ. Сондай-ақ, Созақ ауылындағы заман талабына сай жабдықталған спорт алаңшасының жұмысымен танысты. Онда жастар мен жасөспірімдер футбол ойнап, спортпен шұғылдана алады. Жалпы 1030 адамға арналған стадион бар. Бұдан бөлек, жаттығу залдары, «Street workout» және баскетбол алаңдары бар. БАҚ өкілдеріне кейін Созақ ауылдық округі аппаратының жаңа әкімшілік ғимаратының құрылысы таныстырылды.

Сондай-ақ, журналистерге аудандағы «Созақ сәулет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны үшін сатып алынған жаңа техникалар көрсетілді. Техникалар саны — 46, олардың ішінде автокран, жүк тиегіш, тракторлар, камаз, эксковатор мен қоқыс таситын көліктер бар. Тур аясында журналистерге аудан орталығында құрылысы жүріп жатқан жаңа кітапхана таныстырылды. Онда заманауи талаптарға сай жабдықталатын оқу залдары, ақпараттық ресурстар орталығы, балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы бөлімдер қарастырылған. БАҚ өкілдеріне келесі кезекте «Достар» стадионының құрылысы көрсетілді. Стадионда 450 орындық көрермендер алаңы, жүгіру жолағы және үлкен футбол алаңы бой көтеруде.

Сонымен қатар, пресс турда Шолаққорған ауылы, Жеткіншек мөлтек ауданында жеке инвесторлар есебінен салынып жатқан 2 қабатты 3 тұрғын үйдің құрылысы таныстырылды. Әр үйде 8 пәтерден, жалпы 24 пәтер қарастырылған. Сондай-ақ, аудан орталығында екі пәтерлі 26 тұрғын үйдің құрылысы басталған. Одан бөлек, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның демеушілігімен 2 қабатты 2 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл үйлерде 16 пәтер орналаспақ. Осылайша, аудан орталығындағы салынып жатқан жаңа пәтерлердің саны 92-ны құрайды. Одан бөлек, аудандағы Құмкент ауылында құрылысы жүріп жатқан «Сауда керуені» атты тақтайша мен Құмкент ауылдық округі аппаратының күрделі жөндеуден өтіп жатқан әкімшілік ғимараты таныстырылды.

 

Автор: admin