Дүниежүзілік сайлау күні 2005 жылғы 14-17 қыркүйекте Будапештте өткен сайлауды ұйымдастырушылардың жалпы конференциясы аясында бекітіліп, жыл сайын ақпанның бірінші бейсенбісінде атап өтіледі. Сайлауды ұйымдастыру және өткізу саласындағы мамандар Дүниежүзілік сайлау күнін тағайындай отырып, азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау процестерін жетілдіру мәселелеріне назар аударуды көздеді. Бұл күнді өткізудің негізгі мақсаттары — қоғамның санасында демократияландыру процесінің қайтымсыздығын бекіту, сайлау процесіндегі жетістіктер туралы жұртшылықты хабардар ету, жас сайлаушылардың демократиялық құндылықтарға бейілділігін қалыптастыру, сайлаушылардың қатысу белсенділігін арттыру болып отыр. Сайлау — халықтық егемендікті іске асырудың, қоғамдық пікірді қалыптастыру мен білдірудің, мемлекеттік механизмнің жұмыс істеуінің тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз етудің негізгі құралы. Біздің елімізде сайлау Республика азаматының сайлау және сайлану құқығын еркін жүзеге асыруына негізделеді. Азаматтар 18 жасқа толғаннан кейін сайлауға тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе кез келген өзге де мән-жайларға қарамастан дауыс беруге қатысады. Тәуелсіз Қазақстанның сайлау жүйесі осы жылдар ішінде нақты қалыптасып, Орталық сайлау комиссиясы сайлау органдарының бірыңғай жүйесін басқара отырып, жалпы мемлекеттік деңгейде сайлау процесін басқару саласындағы алғашқы арнайы орган болды. Орталық сайлау комиссиясы құрылған сәттен бастап мемлекеттік биліктің заңды институттарын қалыптастыруға тікелей қатыса отырып, Қазақстан Республикасының қалыптасу тарихымен тығыз байланысты дамып келеді. Көптеген беделді халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі бола отырып, Қазақстан еркін және бәсекелестік сайлау өткізу бойынша өзіне қабылдаған барлық міндеттемелерін ұстанады. Біздің еліміздегі барлық сайлау науқандары ұлттық заңнамаға және Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында (1948ж.), ЕҚЫҰ Копенгаген кеңесінің құжатында (1990ж.) қамтылған демократиялық сайлаудың жалпыға бірдей танылған қағидаттарына сәйкес өтеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың конституциялық реформасына тікелей байланысты сайлау заңнамасының іргелі жаңашылдықтары саяси жүйенің бүкіл конфигурациясын өзгертіп, сайлау кеңістігіне трансформациялық әсер ете отырып, қоғамдық қатынастардың жаңа дәуіріне жол ашты. Сайлау процестері арқылы азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуын кеңейтуге баса назар аударылды. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы – референдумдар мен сайлауды дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік сайлау органы. Тәуелсіздік жылдарында ел азаматтары үш референдумға, президентті сайлау жөніндегі жеті науқанға, сегіз – Парламент Мәжілісін сайлау жөнінде, сегіз – мәслихат депутаттарын сайлау науқанына қатысты. 2023 жылғы 5 қарашада пилоттық режимде еліміздің 45 өңірінде аудан, облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауы өтті. Соның ішінде Түркістан облысының бірқатар аудандарының тұрғындары да алғашқылардың қатарында аудан әкімін өздері сайлау мүмкіндігін алды. Біздің облысымыз сайлауды дайындауды және өткізуді тікелей ұйымдастыратын сайлау органдарының жүйесіне аудандық аумақтық, аудандық мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі округтік, учаскелік сайлау комиссиялары кіреді. Бұл комиссияларда 187 адам қызмет етеді. Облысымызда ауылдық округтер әкімдерін сайлаудың қысқаша тарихына тоқталатын болсақ, «Сайлау туралы» заңның жаңа редакциясына сәйкес елді мекендер сайлаушылары өз ауылдық округтері әкімдерін жалпыға бірдей, тең сайлауға қатысып, таңдау жасау мүмкіндігін алды. Ауылдық округтер азаматтарының белсенділігі артып, саналы түрде сайлауға қатысып, мемлекеттік билікке араласып, әкімді сайлап, олардан сайлауалды бағдарламасының орындалуы туралы есеп алу мүмкіндігін кеңінен пайдалануда. Облысымызда өкілеттік мерзімдерінің аяқталуына байланысты ауылдық округ әкімінің сайлауы өтті.. Бүгінгі күні ауылдық округтердегі барлық әкімдер – халықтың өздері таңдап, сайлап алған әкімдері. Ауылдық округтер әкімдерінің, аудан әкімінің жаңа форматтағы сайлаулары заң талаптарына сәйкес өткізіліп, барлық науқандар абыроймен ұйымдастырылды. Аудандарымыздың сайлау комиссияларының мүшелері үлкен ауызбіршілікпен, нәтижелі қызмет етуде. Облысқа қарасты аудандық сайлау комиссиялары биылғы жылы да дәстүрлі түрде жергілікті атқарушы органдардың қолдау көрсетуiмен Дүниежүзiлiк сайлау күнi қарсаңында ҚР сайлау жүйесi мен құқықтарын насихаттау жұмыстарын жүргізді. Өткiзiлетiн iс-шараларда көзделген мақсат – демократияландыру үрдiсiнiң оңтайлы жүрiп жатқандығын халықтың бiле отырып, олардың демократиялық құндылықтарын қалыптастыруына қол жеткiзу. Сондай-ақ, Конституциялық заңның талаптарын әрбiр азаматтың, жастың санасына сiңiрiп қана қоймай, оны iс-жүзiнде, яғни сайлауда дауыс беру еркiндiктерiн тиiмдi пайдалана алуын қамтамасыз ету. Алдағы уақытта да еліміздің сайлау жүйесі тұрақты дамып, саяси реформалар өз нәтижесін беретініне сенім мол.
Jsk ақпараттық агенттігі