Бүгін Шымкентте жасөспірімдер арасында футболдан мектеп біріншілігі басталды. Біріншілікте 2009-2010 жылдары туған жас спортшылардан құралған командалар бақ сынайды.
Шымкенттегі №17 футболдан олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жетекшілігімен 30 шілде мен 1 тамыз аралығына жоспарланған жарыс ойындары «Локомотив» стадионында өтуде. Турнирге 2009-2010 жылы туған жеткіншектерден құралған 6 команда – «Барыс», «Локомотив», «Металлург», «Асар», «Қазығұрт», «Сайрам» құрамалары қатысып жатыр.
«Құқық бұзушылыққа жол жоқ» тақырыбы аясында ұйымдастырылған турнир салауатты өмір салтын насихаттап, құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ дарынды спортшыларды анықтап, оларды жоғары деңгейдегі жарыстарға дайындау мақсатында қолға алынып отыр. Мұндай жарыстар жеткіншектердің бойына тәртіп, жауапкершілік сынды қасиеттерді де сіңіреді.
Айта кетейік, бұл біріншілік ұлттық құрамаға іріктеу кезеңі ретінде өткізіліп отыр.