• 21 августа, 2025 5:37 пп

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 100 МЕКТЕП ЖӨНДЕУДЕН ӨТУДЕ

Автор:admin

Авг 21, 2025

☑️Түркістанда өткен дәстүрлі Тамыз кеңесінде жаңа оқу жылына нақты басымдықтар белгіленді.  «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында өткен дәстүрлі облыстық педагогикалық кеңесінде өңірдегі білім беру саласының негізгі бағыттары, жаңа міндеттері және стратегиялық жоспарлары жан-жақты талқыланды. Алқалы жиында  Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров сөз сөйлеп, білім саласындағы мемлекеттік қолдаулар мен нақты көрсеткіштерге тоқталды.

📌– Бүгінде, білім беру жүйесінің басты мақсаты – білімді, адамгершілік қасиеті жоғары, отаншыл тұлғаны қалыптастыру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев республикалық Тамыз конференциясында:  «Білім беру – ұлттық қауіпсіздіктің басты тірегі,  ал ұстаз – сол іргені ұстап тұрған ең үлкен күш»  деп атап өтті. Бұл сөз біздің басты бағытымызды айқындайды. Тамыз кеңесі – білім саласындағы жетістіктермен қатар, өзекті мәселелерді талқылайтын дәстүрлі алаң. Осы маңызды басқосуда мәртебелі ұстаздарды, қадірменді қонақтарды Түркістан төрінен көргеніме қуаныштымын. Сіздердің ұрпақ тәрбиесіндегі еңбектеріңіз  ерекше.  Алдағы жаңа оқу жылында балаларымыздың  жан-жақты дамуына барынша жағдай жасау –  біздің ортақ мақсатымыз. Осы міндетті атқаруда Сіздерге үлкен сенім артамын. Жаңа оқу жылы табысты әрі жемісті басталсын. Баршаларыңызға сәттілік тілеймін! – деді облыс әкімі.

☑️Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында жалпы қуаттылығы 22 900 оқушы орынды құрайтын 29 жаңа жайлы мектептің құрылысы жүргізілуде. Өткен оқу жылында 13 мектеп пайдалануға берілсе, жаңа оқу жылы қарсаңында тағы 16 мектептің есігі ашылады. Бұл – үш ауысымдық және апатты мектептер мәселесін шешуге нақты қадам. Сонымен қатар ауыл мен қала балалары үшін тең білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

☑️Мектептерді жаңғырту (реновация) жобасы аясында облыстың 115 мектебі кезең-кезеңмен жөндеуден өтуде. Биыл 110 білім нысанының ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланып, 60-ы толық аяқталды.

☑️Облыстық бюджет есебінен 17 білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде, 11 мектеп, 1 колледждің жатақханасы (120 орын, Созақ ауданы), 5 қосымша білім беру ұйымы (Жетісай, Мақтаарал, Келес, Сарыағаш, Ордабасы) бар.

☑️Облыста 67 304 педагог еңбек етеді. Биыл олардың кәсіби деңгейін арттыруға ерекше көңіл бөлінді. «Өрлеу» ұлттық орталығының Түркістан облыстық филиалы ашылып, 11 500 мұғалім біліктілік курсынан өтуде. «Мақсатты мектептер» жобасына енген 162 мектептің 8 мыңға жуық мұғалімі арнайы оқудан өтті. Оқу жылында 380 млн теңге осы мақсатқа бөлінді.

☑️Жекеменшік балабақшаларды да «Жедел басқару орталығына» қосу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар оқушыларды буллинг пен зорлық-зомбылықтан қорғау, психо-эмоционалдық жағдайларын тұрақтандыру үшін 62 штатпен қамтылған «Психологиялық қолдау орталығы» ашылды. «ҚазАтомПром» ұлттық компаниясымен бірлесіп, 103 студент дуалды оқыту негізінде кәсіпорындарға қабылдануда.

☑️Тамыз кеңесінде айтылған бастамалар мен нақты жобалар – Түркістан өңірінде сапалы, қолжетімді және қауіпсіз білім беру жүйесін қалыптастырудағы нақты қадамдардың көрінісі. Жаңа оқу жылы білім саласы үшін жаңа мүмкіндіктер кезеңіне айналады.

Автор: admin