Менің ойымша, сайлауға түсетін кандидаттардың сол ауылдық округтің тұрғыны болғаны дұрыс. Өйткені, жергілікті азамат ауылдың қыр-сырын, жай-күйін басқалардан гөрі өзі көбірек біледі. Жалпы осы сайлау жүйесін қолдаймын. Қосшағыл халқы өздерінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға жұмыстанатын басшысын сайлайды деген үміттемін. Ауылішілік жолдардың жағдайы, жұмыссыздық, төрт түлік мал үшін қажетті су мен жайылымдық жер мәселелерін жаңа әкім күн тәртібінен түсірмеуі қажет. Дамыған елдерде демократияның басты қағидаларының бірі – басшыларды сайлау жүйесі ертеден қалыптасқан. Біздегі әкімдерді сайлаудың ерекшелігіне келсек, жергілікті билік басшылары жоғарыға алаңдаушылықтан арылып, халық алдындағы жауапкершікті терең сезініп, қызметтерін еркін атқаруға мүмкіндік алар еді. Бір сөзбен айтқанда, ертеден ата-бабамыз болыс, аға сұлтан таңдағанда бас иген сайлаудың маңызына бүгін де ешкім күмән келтірмесе керек. Сондықтан ауыл әкімдігіне үміткерлер жоғары білімді, кәсіби мамандығы сайланғалы жатқан өңір дамуына сай келетін, тәжірибелі болуы керек. Қалай десек те бұл мәселеге жүрдім-бардым қарауға болмайды. Сең орнынан қозғалды, яғни бұл маңызды шараға қоғам болып қолдау көрсетуіміз қажет. Жаңадан сайланатын ауыл әкіміне халықтың көп үміт артатыны белгілі. Әсіресе, өскелең ұрпақтың саламатты өмір салтын ұстанып, өмірін бағдарлай алуы үшін жергілікті атқарушы органдарға артылар жүктің салмағы ауыр. Елде екі жыл бұрын жүзеге асқан саяси реформаның бірі – ауыл әкімдерін сайлау еді. Расында да, бұл – маңызы зор саяси науқан. Оған дейін ауыл әкімдерін мәслихат депутаттары сайлайтын. Енді ауыл тұрғындары өздері сенім артқан кандидатқа дауысын беріп, таңдау жасайды. Осы арқылы сайланған әкімнің және оны таңдаған сайлаушылардың жауапкершілігін арттырады. Өйткені ауыл әкімінің деңгейі – жергілікті өзін-өзі басқару деңгейімен тікелей байланысты. Бұл қадам азаматтардың өз өмірін жақсартуға тікелей қатысуы үшін жасалып отыр. Тұрғындар қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалай алады. Қайда бағыттауға болатынын өзара шешіп, тиімді жұмсалуын бақылауда ұстайды. Елді одан әрі демократияландыру жолында бұл өте маңызды саяси қадам деп ойлаймын. Осы сайлау науқанынан жолы болған әкімдер халыққа қызмет етіп, олардың жағдайын жақсартуға ұмтылуы қажет. Ауылдардағы су мәселесі, ауылішілік тасжолдардың жағдайы, жыпылықтап тұратын жарықтың жайы ауыл әкімдерін алаңдатуы тиіс. Алдағы уақытта әкімдердің нәтижелі жұмыс істегенін күтеміз. Кейбір ауылдарда су жүргізілгенімен оның сапасына халықтың наразылығы көп. Осы тәріздес проблемаларды жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан, ауыл әкімдігінен үміткерлер алда зор жауапкершілік барын түсініп, осындай олқылықтарды дұрыстауға күш салса екен деймін. Бұған дейін аудан әкімі мен мәслихаттың таңдауымен тағайындалып келген ауыл әкімдері бір-екі жыл отырады да, басқа қызметке ауысып кететін. Ал, не тындырып, қандай жоспарды жүзеге асырып үлгергеніне ешкім сұрау салып жатпайды. Сондықтан ауыл әкімі белгіленген мерзім ішінде сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырып, халыққа берген уәдесін орындап кетуі керек. Жасыратыны жоқ, кейбір жағдайда ауыл әкімдерінде мұндай мүмкіндік болмағаны да рас. Ендігі жерде тұрғындардың да белсенді әрекет ететін кезеңі басталды. Енді сол ауылдың мүддесін қорғайтын өздері жақсы білетін, халықпен тіл табыса алатын, ауылдың кем-кетігін бүтіндеп, көркейтуді қай жағынан бастау керек екенін білетін іскер азамат, білікті басшыны таңдап, сайлай алады. Халық сайлағаннан кейін әкім өз сайлаушыларының алдындағы жауапкершілікті сезінеді деп есептеймін.
Jsk ақпараттық агенттігі