• 4 ноября, 2025 3:41 пп

Шымкентте  тәртіп сақшылары — пошта жөнелтілімдерін тексеру жұмыстарын жүргізуде

Автор:admin

Авг 10, 2025

«Заң мен тәртіп» қағидаты Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. «Қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңыз­ды міндет. Бұл – жауапкершілігі өте үлкен жұмыс. Ең алдымен, мемлекетте заң талаптары мүлтіксіз орындалуы керек. Заң бұзған кез келген адам жазасын алуға тиіс», – деді Президент жақында өткен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, заң мен тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс. Өйткені құқықтық сауаттың төмен болуы жағымсыз үрдістердің белең алуына әкеп соқтырады. Көшедегі мәдениетсіздіктен бастап, төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі  құқықбұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұру, келеңсіздіктермен қоғам болып күресу өте маңызды. Осы орайда Шымкентте пошта жөнелтілімдерін тексеру жұмыстары жүргізілуде, — деп хабарлайды Jsk.kz. Қала аумағына есірткі құралдары мен психотропты заттардың заңсыз енуіне сенімді тосқауыл қою мақсатында, Шымкент қаласының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және Кинологиялық қызмет орталығының қызметкерлері ұдайы түрде бірлескен тексеру жұмыстарын жүргізіп келеді. Кезекті іс-шара Шымкент қаласында орналасқан “Қазпошта” АҚ Түркістан облысы бойынша филиалының пошта сұрыптау-тасымалдау басқармасында жүргізді. Аталған мекеменің цехінде Кинологиялық қызмет орталығының қызметтік иттерінің қатысуымен өткен тексеру, пошта жөнелтілімдері арасында есірткі контрабандасын, сондай-ақ өзге де заңға қайшы заттарды заңсыз тасымалдау деректерін анықтау мен жолын кесуге бағытталды. Атап өту қажет, аталған тексеру жұмыстары “Қазпошта” АҚ құрылымдық бөлімі мен Шымкент қаласының полиция департаменті арасындағы бірлескен іс-шаралар жоспары негізінде жүргізілуде. Жақында елімізде «Заң және тәртіп» қағидатын орнықтыру, кез келген құқық­бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік жағдайын қалыптастыру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Ішкі істер министрі Мемлекет басшысына есеп берді. Ведомство басшысы құқықбұзушылықтың алдын алу және азаматтардың құқықтық сауатын арттыру мәселелеріне баса мән беріп отырғанын баяндады.

– Нәтижесінде, жыл басынан бері қылмыс деңгейі төмендеді. Атап айтқанда, ұрлық, тонау, қарақшылық, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық және көшеде жасалған қылмыстар, кәмелетке толмаған және бұрын сотталған азаматтар істеген қылмыстар айтарлықтай азайды, – деп мәлімдеді министр Ержан Сәденов.Заң мен тәртіпке бағынған ел ғана қауіпсіз қоғам, құқықтық мемлекет қалыптастыра алады. Заңды сақтау – әділеттіліктің, теңдік пен тәртіптің кепілі.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin