• 10 сентября, 2025 8:23 пп

ШЫМКЕНТТЕ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ЖОЛДАУЫН ТАЛҚЫЛАУ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕС ӨТТІ

Автор:admin

Сен 10, 2025

 

Президентіміздің алға қойған міндеттері – мемлекетіміздің жаңа дәуірдегі дамуының берік іргетасы. Бұл мақсаттарға жету үшін әрқайсымыз табандылықпен еңбек етіп, елдің игілігіне үлес қосуымыз қажет.
Мемлекет басшысы Жолдауын талқылау жөніндегі кеңесте сөйлеген Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков осылай деді.
Қала әкімдігінде өткен кеңеске түрлі мемлекеттік орган өкілдері, қалалық мәлихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары, білім, мәдениет және өзге де сала өкілдері қатысты.
– Президентіміздің әрбір Жолдауы ел дамуының нақты бағытын айқындап, халықтың болашаққа деген сенімін нығайтады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында еліміздің экономикалық өркендеуіне, әлеуметтік тұрақтылығына, ғылым мен технологияны дамытуға, әділетті қоғам орнатуға қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Президент жүктеген міндеттердің барлығы – халқымыздың тұрмыс сапасын арттыруға, мемлекетіміздің қуатын күшейтуге бағытталған, – Ғабит Әбдімәжитұлы.
Кеңес барысында мемлекет және қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының басшылары, ғалымдар, сарапшылар мен түрлі сала өкілдері Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған маңызды мәселелер жөнінде өз ойларын ортаға салды.
– Президент атап өткен ең негізгі мәселелердің бірі – елімізге қомақты инвестиция тарту. Бұл – экономиканың тұрақты дамуы мен халықтың тұрмыс сапасын арттырудың басты тетігі. Мемлекет басшысы атап өткендей, инвестиция тарту тек орталық органдардың ғана емес, жергілікті атқарушы биліктің де тікелей міндеті болып отыр. Әкімдер өңірлердегі инвестициялық ахуал үшін жеке жауап беретінін Президент нақты айтты, – деді Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов.
Мұнан кейін Жұмабек Тәшенов университеті директорлар кеңесінің төрағасы Оңалбай Аяшев ғылым – ел дамуының ең берік тірегі екеніне тоқталып, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар – сол ғылымның жаңа ғасырдағы қозғаушы күші екенін атап өтті.
– Жасанды интеллект тек технологиялық құрал емес. Ол – білім мен ғылымның терең синтезі. Қазіргі заманда сапалы білім алған, ІТ саласын жетік меңгерген, білікті мамандарсыз ғылым да, экономика да ілгері баспайды. Сондықтан Президенттің жаңа буын мамандарын даярлау, цифрландыруды ғылыммен тығыз байланыстыру жөніндегі тапсырмалары ел дамуы үшін стратегиялық шешім болып отыр, – деді Оңалбай Аяшұлы.
Оның айтуынша, елімізде білім мен ғылымды қолдауға бағытталған ауқымды шаралар жүзеге асуда. Соңғы жылдары үздік шетелдік университеттердің филиалдары ашылып, халықаралық ғылыми орталықтармен ынтымақтастық нығайды. Бұл – қазақстандық ғылымның әлемдік ғылыми кеңістікке интеграциялануының айқын көрінісі. Сонымен бірге ғылымды қаржыландыру көлемі артып, ғылыми жобаларға бөлінетін гранттар еселеп өсуде. Бұл қадамдар жас ғалымдардың жаңа ізденістерге құлшына кірісуіне зор мүмкіндік беріп отыр.
Ал, айтыскер ақын Біржан Байтуов Президент биылғы Жолдауында халқымызға үлкен ой салғанын айтты.
– Әділетсіздікке төзбеу – азаматтық ардың айнасы, заңсыздыққа көз жұма қарамау – елдің еңсесін тіктейтін күш. Біз осыны берік ұстансақ қана мемлекетіміздің іргесі мықты болмақ. Заңсыздыққа төзімсіздік – тек билікке қойылар талап емес, ол – әрқайсымыздың ішкі мәдениетіміздің өлшемі. Көшеде бейберекет әрекетке, тұрмыстағы ұсақ құқықбұзушылыққа, қоғамдық орындардағы әдепсіздікке көз жұмып қарамай, соған қарсы үн қату – өркениетті қоғамға тән қасиет. Тәртіп орнаған жерде халықтың тұрмысы түзеледі, экономика дамиды, ұрпақтың болашағы жарқын болады, – деді Б.Байтуов.
Кеңсті қортындылаған қала әкім Ғ.Сыздықбеков Президент Жолдауы – еліміздің жаңа даму кезеңінің нақты бағдары екенін атап өтті. Оның айтуынша, Президентіміздің тапсырмалары – әділетті қоғам құруға, экономиканы әртараптандыруға, әлеуметтік саланы жетілдіруге және ғылым мен инновацияны дамытуға бағытталған.
– Шымкент қаласы да осы міндеттерді жүзеге асыруға белсенді түрде атсалысады. Қала экономикасын дамыту, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырамыз. Әсіресе, жастарға сапалы білім беру, жаңа технологияларды енгізу, инновациялық жобаларды қолдау біздің басты басымдығымыз болмақ, – деген қала әкімі қалалық басқармаларға нақты тапсырмалар мен міндеттер жүктеді.
Атап айтқанда, Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына, 2025 жылдың соңына дейін инвестиция көлемін кемінде 850 млрд теңгеге жеткізу, өнеркәсіп өнімін жыл соңына дейін 1 трлн теңгеден асыру, шағын және орта бизнестің үлесін қала экономикасында 46,3 пайызға дейін жеткізу міндеттелді. Ал, Цифрландыру басқармасына «Smart Shymkent» жол картасы шеңберінде пилоттық шешімдерді іске қосуды, жалпы цифрландыру бағытында жүзеге асырылатын жобалар санын кемінде 20-ға жеткізу тапсырылды.
Сондай-ақ, қала әкімі Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына – қаланың көлік-логистика саласын одан әрі дамыту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Оның ішінде қаланың транзиттік әлеуетін барынша ұлғайту керек, әуежайдың жаңа терминалының мүмкіндіктерін ескере отырып, жаңа ұшу-қону жолағын салу қажет. Сондай-ақ, А-2 автомобиль жолын реконструкциялау мен Д.Қонаев даңғылының жалғасын салу жұмыстарын белгіленген мерзімде сапалы аяқтауды тапсырды.

Автор: admin