• 18 сентября, 2025 10:39 дп

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА: ШЫМКЕНТТЕ ОРТА АЗИЯДАҒЫ ЕҢ ІРІ ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІ САЛЫНУДА

Автор:admin

Сен 18, 2025

 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ішкі нарықтың импортқа тәуелділігін азайту Үкіметтің стратегиялық міндеті екенін атап өтті. Осы бағыттағы ірі жобалардың бірі ретінде Шымкент қаласында «Бозарық» индустриялық аймағында жылыжай кешенінің құрылысы жүзеге асырылуда.

Жобаны Түркиялық «Alarko Holding» компаниясы іске асыруда. Инвестициялық құны 650 миллион АҚШ долларын құрайтын, жалпы аумағы 650 гектарлық кешен қызанақ өсіруге бағытталған. Жоба толық қуатына шыққанда жылына 155 мың тонна өнім өндірілмек.

Жылыжай кешенінің бірінші кезеңі пайдалануға берілгеннен кейін шамамен 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылады, ал толық іске қосылғанда 5 мыңға дейін адам жұмыспен қамтылатын болады. Өндірілген өнімдер ең алдымен қала тұрғындарын қамтамасыз етуге бағытталады, сонымен бірге еліміздің басқа өңірлеріне және шетел нарығына да жөнелтіледі.

Шымкент қаласының әкімі Мемлекет басшысының инвестиция тарту, сондай-ақ өсімдік шаруашылығында суды үнемдейтін заманауи технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмаларын орындауда аталған жобаның маңызы зор екенін атап өтті. Әкімдік тарапынан ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатқан инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетілуде.

Компания құрылыс мерзімін қысқарту мақсатында Шымкент қаласында жылыжай салуға арналған конструкциялар шығаратын зауыт ашуды көздеп отыр. Сонымен қатар, жоба аясында халықаралық стандарттарға сай ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын мамандандырылған академия құру жоспарланған.

Ауқымды жоба азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына, бағаның тұрақталуына және жаңа өндірістер мен жұмыс орындарының ашылуына ықпал ететін болады.

Автор: admin