🔹Шымкент қаласында Еңбек күні мерекесіне орай «ТЭЦ-3 Энергоорталық» кәсіпорнында іс-шара өтті.
🔹Бұл күн – қарапайым еңбек адамының қадірін ардақтап, тынымсыз еңбегі арқылы қаланың дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсетуге арналған. Іс-шара барысында өндірістің тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында кәсіпорын цехтары мен бөлімдеріне экскурсия ұйымдастырылды. Қатысушылар ұжымның күнделікті жұмысы мен еңбек мәдениеті жайында жан-жақты мағлұмат алды.
🔹 Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылған іс-шара барысында Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Айгүл Әмзеева құттықтау сөз сөйлеп, мереке иелеріне жылы лебізін жеткізді.
🔹 Сондай-ақ, іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, кәсіпорын басшылығы мен мамандары, зауыт жұмысшылары және осы мекеменің ардагері, қалалық ҚХА жанындағы түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Қыдырәлі Насибов та қатысты. Қонақтарға өндіріс орнының тыныс-тіршілігі мен жұмыс барысын «3-Энергоорталық» АҚ Кәсіподақ ұйымының төрағасы, Химиялық цехтың бастығы Талғат Қалдыкөзов жан-жақты таныстырды.
🔹Мерекелік жиында еңбек жолында адал қызмет атқарып, ұжымда абыройлы еңбек етіп жүрген үздік қызметкерлер марапатталып, оларға алғыс хаттар табысталды.
«Еңбек – елдің дамуы мен берекесінің негізгі тірегі. Бүгінгі мереке – қарапайым еңбек адамдарының қажырлы еңбегін бағалап, олардың қоғамдағы орны мен мәртебесін айшықтайтын ерекше күн. Сіздердің әрбір табанды қадамдарыңыз қаламыздың өсіп-өркендеуіне үлес қосып келеді. Ұжымдағы бірлік пен өзара сыйластық – ең үлкен байлық. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін», – деді Айгүл Әмзеева.
🔹 «ТЭЦ-3 Энергоорталық» ұжымы үшін Еңбек күні – бірлікті бекемдейтін, еңбектің қадірін дәріптейтін маңызды мереке. Бұл күні әр қызметкер өз ісіне деген мақтаныш сезімін арттырып, жаңа жетістіктерге жетуге жігерленеді.
ШЫМКЕНТТЕГІ «ТЭЦ-3 ЭНЕРГООРТАЛЫҚТА» ЕҢБЕК МАЙТАЛМАНДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ
