Шымкент қаласында Қазақстан Халық партиясының қалалық филиалы «Халық үні» жобасы аясында «Өрт қауіпсіздігі: ҚХП өңірлік мониторингі және алдын алу шаралары» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Басқосудың негізгі мақсаты – өңірдегі өрт жағдайының қазіргі ахуалын саралап, қауіпті факторлардың алдын алу жолдарын талқылау және нақты шешімдер ұсыну болды.
Жиынға Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері, партия белсенділері мен еріктілері, азаматтық қорғау саласының сарапшылары және Қаратау аудандық әкімдігінің коммуналдық маманы қатысты.
Кездесу барысында тұрғын үй секторындағы, жеке үйлердің өрт қауіпсіздігі мәселелері кеңінен сөз болды. Қатысушылар ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдірудің, сондай-ақ тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Партия өкілдері жүргізген ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижелері де талқыланды. Мамандардың айтуынша, тұрғындардың көпшілігі әлі күнге дейін тұрмыстық өрттің алдын алу ережелерін толық сақтамайды. Сондықтан бұқарамен жұмыс жүйелі әрі түсінікті форматта жүргізілуі тиіс.
Жиын қорытындысында қатысушылар өрттің алдын алу бағытында бірлескен іс-қимылды күшейту және халықты ақпараттандыру шараларын жаңа деңгейге көтеру жөнінде бірқатар ұсыныстар қабылдады.