• 29 октября, 2025 9:58 дп

«РЕСПУБЛИКА ЖАСТАРЫ: БОЛАШАҚҚА БАҒДАР – ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ!» АТТЫ ЖАСТАР ФОРУМЫ ӨТТІ

Автор:admin

Окт 28, 2025

 

Бүгін Департаменттің ұйымдастыруымен «25 қазан — Республика күні» Ұлттық мерекесіне орай «Республика жастары: Болашаққа бағдар – Елге қызмет!» атты жастар форумы өтті.

Шараның мақсаты – жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру, отансүйгіштік рухты арттыру және мемлекеттік қызметке қызығушылығын күшейту.

Форумға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Е. Алтаев, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы А. Наурызбаев, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры, Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі Ж. Темірбекова, Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры А. Қайратова, сондай-ақ Халықаралық туризм және меймандостық университетінің басқарма төрағасы – ректордың міндетін атқарушы Б. Мырзаев қатысты.

Шара барысында «Жас мемлекеттік қызметші» мектебінің 2025–2026 оқу жылына арналған жаңа кезеңінің ашылуы өтіп, мектепке қабылданушыларға арнайы белгішелер тағылды.

Биыл бұл мектепке Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік және Халықаралық туризм және меймандостық университеттерінен 25 студент іріктеліп алынды.

2018 жылдан бері аталған мектепті 136 студент тәмамдап, 24-і мемлекеттік қызметте, ал олардың төртеуі бүгінде Департаментте қызмет етуде.

Форумда Департамент басшысы А. Наурызбаев өңірдегі Президенттік жастар кадр резерві мен Өңірлік кадр резерві жобалары бойынша бірқатар ақпараттар айтып, 2024 жылы Түркістан облысында 32 жас маман өңірлік резервке қабылданғанын және олардың 17-сі мемлекеттік органдарға тағайындалғанын хабарлады.

Бұл көрсеткіш — өңірде кадрлық әлеуетті нығайту мен жастарды мемлекеттік басқару ісіне тарту бағытындағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі болып табылады.

Бұдан өзге, форумда мемлекеттік грант негізінде жоғарғы оқу орнын GPA көрсеткіші 3.33 баллдан жоғары нәтижемен аяқтаған 65 жас түлектің конкурстық іріктеусіз мемлекеттік қызметке қабылданғаны атап өтілді.

Бұл — жастардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығы мен сенімінің артқанын көрсетеді.

Сонымен қатар, осы түлектерге қолдау шаралары ретінде оларды «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатыстыру қамтылып, Мақтаарал, Төлеби, Отырар аудандарында қызметке орналасқан жас мамандарға 393 200 теңгеден (жалпы 1 179 600 теңге) біржолғы жәрдемақы төленді.

Мемлекеттік қызметке кіру кезінде артық кедергілер мен тосқауылдарды жою, үдерістің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілді.

Қазіргі таңда мемлекеттік қызметке қабылдау жүйесі толық автоматтандырылған. «Е-қызмет» жүйесінің сыртқы порталы арқылы үміткерлер мемлекеттік органға келмей-ақ, қашықтан конкурсқа қатыса алады. Бұл жүйе мүдделер қақтығысын болдырмай, іріктеудің әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, форумда меритократия қағидатының мемлекеттік қызмет жүйесінде берік орныққаны айтылды. 2024 жылы Түркістан облысы көлемінде өткен ішкі конкурстар нәтижесінде 258 мемлекеттік қызметші әртүрлі лауазымдарға тағайындалған, олардың 181-і жоғары лауазымға көтерілген. Бұл жалпы көрсеткіштің 70%- дан астамын құрайды.
Бұдан бөлек, форум аясында қатысушыларға мемлекеттік қызметшілерге қойылатын шектеулер мен Әдеп кодексінің талаптары түсіндірілді.
Спикер, Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі Ж. Темірбекова өз сөзінде мемлекеттік қызметтің қоғам алдындағы жоғары жауапкершілік жүктейтін маңызды сала екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол болашақ мамандарға кәсіби әдеп пен үлгілі мінез-құлықты жас кезден қалыптастырудың маңыздылығын жеткізді.

 

Форум соңында қатысушылар жастардың мемлекеттік басқарудағы рөлі мен ел дамуына қосатын үлесі туралы пікір алмасты.

Автор: admin