Бүгінгі таңда Шымкент қаласының тұрғындарына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында 59 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемесі қызмет көрсетеді. Оның 14-і мемлекеттік, қалғаны жекеменшік медициналық ұйымдар. Қала бойынша емханаларға тіркелген халық саны 1 275 059 адамды құрайды.
Халықтың медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыру мақсатында ӘМСҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының бастамасымен емханалар халық көп жиналатын орындарда «Денсаулық бұрышы» акциясын ұйымдастыруда.
Аталған шара аясында бүгін “Sunkar Premium” және “Алинур” клиникасының дәрігерлері “Береке”, “Hyper House” сауда үйлерінде тұрғындарды қабылдап, тегін медициналық консультациялық-диагностикалық қызметтерін көрсетті. Невропатолог, кардиолог,гастроэнтеролог сынды бейінді мамандар мен жалпы тәжірибелік дәрігерлер азаматтарға кеңес беріп, қажет болған жағдайда әрі қарай ем-шара алу бойынша бағыт-бағдар ұсынды.
Мамандардың айтуынша, МӘМС жүйесінде сақтандырылу мәртебесі тұрғындар үшін жоғары технологиялы медициналық көмек, профилактикалық тексерулер мен оңалту шаралары, консультациялық-диагностикалық қызмет пен есепте тұрған науқастардың дәрі-дәрмекпен қамту аясын да кеңейткен.
Сонымен қатар, МӘМС туралы заңға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, онкологиялық скринингтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) тізіміне енгізіліп, сақтандырылу мәртебесіне қарамастан барлық азаматтарға тегін жүргізілуде.
Бұдан бөлек, туберкулез, АИТВ, созылмалы вирусты гепатиттер, бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, жедел миокард инфаркті, инсульт сияқты әлеуметтік мәні бар ауруларға күдік туындаған жағдайда, консультативтік-диагностикалық көмек те тегін көрсетілетін болады. Бұған дейін мұндай көмек тек АИТВ мен туберкулезге күдік болғанда ғана көрсетілетін.
«Денсаулық бұрышы» акциясы алдағы уақытта қаладағы өзге де сауда орталықтарында жалғасады. Шара барысында ӘМСҚ Шымкент қалалық филиалының «Халықты ақпараттандыру және арыз-шағымдарды қарау» бөлімінің басшысы Ахмет Беден тұрғындарға МӘМС жүйесінің маңыздылығы жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, сұрақтарға жауап беруде.
#әмсқшымкент #мәмсшымкент

 
                                