«Заң үстемдігін қамтамасыз ету – біздің стратегиямыздың ең маңызды қағидасы. Бұл – өркениетті және озық қоғамның басты өлшемі. Қоғамымызда заң мен тәртіп сақталмаса, ешқандай жетістік пен ілгерілеу болмайды, бұл – анық нәрсе. Заңды сыйлайтын ел қашанда берекелі болады. Сондықтан мен әр сөзімде заң мен тәртіптің маңызын ерекше атап өтіп жүрмін. Басқаша айтқанда, бұл – бізге дәстүрлі болмысымызды өзгерту қажет деген сөз. Заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну ұлтымыздың қанына сіңіп, қасиетіне айналуы қажет. Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген сөзі қазіргі таңда аса өзекті. Сондықтан заңды қасақана бұзатын азаматтарға, қоғамдық тәртіпке және тұрақтылыққа кері әсер ететін әрекеттерге міндетті түрде құқықтық баға беріледі. Мектеп қабырғасында, жоғары оқу орындарында құқықтық тәрбие жұмысын күшейту қажет. Балаларға заңдарды қарапайым тілмен түсіндірген абзал. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі арқылы тиісті жұмыс жүргізілуі керек. Жастардың құқықтық санасына отбасындағы тәрбие де зор ықпал етеді. Мұны ешқашан ұмытпауымыз керек. Ата-ана, мектеп және мемлекет күш жұмылдырып, бала тәрбиесіне баса мән бергені жөн. Сонда ғана заңға бағынатын, өзінің де, өзгенің де құқығына құрметпен қарайтын ұрпақ тәрбиелейміз. Заң мен тәртіп – Әділетті Қазақстанды құрудың басты алғышарты», – деген болатын Президент. Осы орайда Шымкент қаласында «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтарға тегін заң көмегін көрсету мақсатында ауқымды «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті. Іс-шараға барлық салалық ведомстволардың бірінші басшылары, адвокаттар, заңгерлер және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Акция үлкен қоғамдық қызығушылық тудырды — шара барысында 1000-нан астам қала тұрғыны отбасылық, еңбек, жер, азаматтық және әкімшілік заңнама мәселелері бойынша білікті заңгерлік кеңес алды. Азаматтарға өз құқықтарын қорғау тетіктері, мемлекеттік органдарға жүгіну тәртібі және тегін заң көмегін алу мүмкіндіктері түсіндірілді. Қала прокуроры Ғабит Мұқанов өз сөзінде атап өтті: «Ежелгі грек философы Платон айтқандай: «Күшті мемлекет – қорғалған азаматтан басталады!» Сондықтан бүгін осында барлық мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері әр азаматқа тегін әрі қолжетімді заң көмегін көрсету үшін бір алаңда жиналып отыр». «Халық заңгері» акциясы өз жұмысын жалғастырып, әрбір азаматқа кәсіби көмек пен өз құқықтарын қорғау мүмкіндігін ұсынатын болады.
Jsk ақпараттық агенттігі
