• 19 ноября, 2025 10:39 дп

ЕЛІМІЗДЕ 2026 ЖЫЛДАН БАСТАП СӘН-САЛТАНАТ САЛЫҒЫ ЕНГІЗІЛЕДІ

Автор:admin

Ноя 19, 2025

 

2025 жылдың 18 шілде күні ҚР жаңа Салық Кодексі қабылданған болатын. Ол 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Бұл салық жүйесін реформалаудағы маңызды кезең. Жаңа салық Кодексі — еліміздің салық жүйесін жаңғыртуға, оны тиімді әрі әділетті етуге бағытталған. Мәселен, жаңа Кодекске сәйкес, енді елімізде сән-салтанат салығы күшіне енбек. Бұл жайында Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының басшысы Сәуле Шырынбекова БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

«2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ел тұрғындары бағасы 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлкі үшін 2 млн 946 мың теңге және лимиттен асқан сомаға 2% көлемінде салық төлеуге міндетті. Сондай-ақ, көлік құны 18 000 айлық есептік көрсеткіштен асса және құны 24 000 айлық есептік көрсеткіштен жоғары яхталар мен ұшақтарға, сондай-ақ бағасы 500 000 теңгеден асатын алкоголь мен 10 000 теңгеден жоғары бағаланатын сигараға салық төлеу міндеттеледі»- деді Сәуле Әбдіәшімқызы.

Департаменттің Өндірістік емес төлемдер басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Полат Төреханның айтуынша, жаңа Кодекске сай бизнес саласында да бірқатар өзгерістер орын алмақ. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларациялау енгізілген болатын. Осы арқылы әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру, жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді механизмін құру және сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету көзделген

«Жаңа Кодекске сәйкес, корпоративтік табыс салығында да жаңа өзгерістер енгізілмек. Атап айтар болсақ, жалпы мөлшерлеме салығы — 20 пайыз, банк қызметі — 25 пайыз, білім беру, медицина секілді әлеуметтік сала 2026 жылдан бастап 5 пайыз, 2027 жылдан бастап 10 пайыз салық төлеуге міндеттелмек. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге 3 пайыз және ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 6 пайыз көлемінде салық салынады» — деді Департаменттің Камералдық мониторинг басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Азамат Байдулла.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Автор: admin